Әлеумет

Ғылымға бөлінген қаржыны игеруде былық көп: аудиторлар 1,7 млрд теңгелік заңбұзушылықты анықтады

Фото: canva.com

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ғылымды дамытуға бөлінген бюджет қаржысын пайдалану тиімділігіне тексеріс жүргізіп, 1,7 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылық тапты, деп хабарлайды Kazpravda.kz.

Нәтижелер ЖАП отырысында қаралды. Жиынға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, министрлік өкілдері, ведомстволық ұйымдардың басшылары мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Аудиттің негізгі қорытындылары

Ғылымды қаржыландыру артқанымен, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалған қаражаттың үлесі әлі де жеткіліксіз.

Ғылыми жобалардың нақты секторға бейімделуі мен қолданбалы нәтижелерге айналуы баяу.

Ғылым комитеті мен салалық мемлекеттік органдар арасында тиімді үйлесім жоқ, бұл ғылыми жобаларды енгізуде кедергі келтіреді.

Ұлттық ғылыми кеңестерде (ҰҒК) мүдделер қақтығысына жол берілген: кейбір мүшелер бірнеше жобада қатар жүріп, қаржыландыруға ықпал еткен.

Ғылыми кеңес мүшелерінің шешімдеріне жауапкершілік қарастырылмаған: сараптама қорытындысынсыз жобаларды бекіту немесе бұрын өздері мақұлдаған жобаларды қаржыландыруды тоқтату жағдайлары болған.

Ғылыми байқаулар кейде 500 күннен астам кешіктіріліп жарияланған, ал сараптамалардың мерзімі жиі бұзылған.

Мониторинг тиімді болмаған: ескертулер алған жобалар да қаржыландыруды жалғастырған.

Ғылым қорының коммерцияландыру жобалары да ақсап тұр: 42 жоба жоспарланған сатылымға жете алмаған, ал 8 жоба мүлдем өнім шығармаған.

ЖОО жанындағы инженерлік орталықтар мен технопарктерде мақсатсыз қаржы жұмсау мен сатып алу бағасын көтеру деректері тіркелген.

Қаржыны тиімсіз пайдалану

Аудиторлардың есебінше, тиімсіз жоспарлау – 24,2 млрд теңге, ал тиімсіз пайдалану – 42,5 млрд теңгені құрайды.

Алдағы қадамдар

Барлық анықталған заңбұзушылықтар мен жүйелік олқылықтарды жою үшін Үкіметке, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және басқа да уәкілетті органдарға ұсыныстар жіберілді.
Жекелеген деректер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе облысында 74 адам су тасу қаупіне байланысты көшірілді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *