Home Aqtobe Day Әли Аманжолұлы: «Ескі, есті әндерді тыңдаймын»
Aqtobe Day Шоу-бизнес

Әли Аманжолұлы: «Ескі, есті әндерді тыңдаймын»

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әли Аманжолұлы — кәсіби білімсіз-ақ талантымен танылып жүрген жас әнші. Әйтеке би топырағында туып-өскен Әли гала-концерттерде өнер көрсетіп, түрлі жобаларда бақ сынаған. Әуенін де, сөзін де өзі жазатын өнерпаз 80-90 жылдардағы әлемдік хит әншілердің шығармашылығынан шабыт алады.

— Өнер жолына қалай келдіңіз?

— Өнер жолына 2017 жылы келдім. Содан бері ән айтамын. Жалпы бала кезімнен ән айтуға әуеспін. Өнерге қызығып өстім. Өмір жолы өнерге бағыттады. Бұл жолға аяқ астынан, ойламаған жерден келдім. Үлкен сахналарға шығып, ән айтамын деген ой болмаған еді. Алғаш рет сахнаға ән айтып емес, бимен шыққанмын. Ол кезде 13-14 жаста едім. Отбасымда анамның ән айтуға қабілеті бар. Домбыраның қоңыр үніне қосылып ән салғанда тыңдаған жанды тамсандырмай қоймайтын. Ал мен синтезатор аспабында ойнай аламын. Кәсіби тұрғыда білімім болмағандықтан өз қызығушылығымның арқасында үйреніп кеттім.

— Ән айтуға кім жетеледі? Кім ұстаздық етті?

— Мені ән салуға үйреткен, осы өнер жолына жетелеген ұстазым — Ардақ Мұғалқызы. Өнерімді қолдап, түрлі сахналарға шығуыма себепкер болған жан.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Репертуарыңызда қандай әндер бар?

Ресми түрде «Бейтаныс жан», «Ақтөбем» және «Ауадай» атты әндерім жарық көрді. Жалпы күні бүгінге дейін жарық көрмеген әндерім бар. Олар жоба күйінде ғана қалып жатыр. Есептеуімше, 30 шақты әнім аяқталған жоқ. Бұған себеп — шығармашылық дағдарыс. Себебі әннің сөзін өзім жазамын. Музыкасын да жазатын өзім. Оны өңдеймін, даусымды жазамын. Жалпы барлық жұмысты өзім жасаймын. Сөзін жазуға келгенде қиналатыным рас. Әніме мағыналы, мәнді сөз іздеймін. Сондықтан қазір шығармашылық дағдарыста жүрмін. Жақын арада жаңа ән шығаруды жоспарлап жүрмін.

— Өзіңізге қандай жанр жақын?

— Түрлі жанрда ән тыңдағанды жақсы көремін. Ең сүйікті жанрларым — поп, поп-рок. Рок жанрына даусым келмегенімен өзіме осы бағыттағы әндер ұнайды. 80 жылғы диско әндер де жаныма жақын. Modern Talking әндерінің аккордтары адамға ерекше әсер сыйлайды. Маған шетелдің әндері қатты ұнайды.

— Шұбарқұдық күніне орай өткен гала-концертте ән шырқадыңыз. Үлкен сахнада өнер көрсету қандай әсер қалдырды?

— Шұбарқұдықтағы концертте ән айту шығармашылық серпіліс бергендей болды. Концерт жағымды әсер қалдырды. Бұл — менің үлкен сахнаға екінші рет шығуым. Алғаш рет Ақтөбеде өткен концертте осындай сахнаға шыққанмын. Шұбырқұдықтағы концертте Modern Talking-тің «No Face, No Name, No Number» әнін шырқадым. Үлкен сахнада мыңдаған адамның алдында ән шырқау ерекше қуаныш сыйлады. Концерттен кейін қолдау білдіріп, жылы лебізін білдіргендер көп болды. Осы уақытқа дейін концерттерден бөлек түрлі жобаларда болдым. «SUPER QALA.KZ» жобасына қатыстым. «Ұнайды маған» жобасының кастингінде бақ сынадым. Әнші ретінде Алматыдағы сахналарда ән айттым.

— Қандай әншілерді үлгі тұтасыз? Шабытты кімнен аласыз?

— Маған қатты ұнайтын әнші — Майкл Джексон. Оған жететін әнші жоқ. Майкл Джексон сияқты әнші оған дейін болмаған. Одан кейін де болған жоқ. Одан стиль, ән, шоу жағынан үлгі аламын. Сондай-ақ, Томас Андерс, Джастин Тимберлейк ұнайды. Дитер Боленнен шабыт аламын. Өз әндерімді өзім жазамын. Сондықтан Дитер Боленнің композиторлық қырын үлгі тұтамын. Ал отандық әншілерден Димаш Құдайберген мен Қайрат Түнтековтың шығармашылығы қызықтырады. Димаштың даусы мен шығармашылығына тәнтімін. Оның жанында өзімді әншімін деп санау ұят. Жалпы өзіме бұрыннан келе жатқан әншілер ұнайды. Өнерге енді қадам басып жатқан, жас әншілерді тыңдамаймын.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Болашақта шығармашылықпен айналысып, өнер жолында жүргіңіз келе ме? Жоспарыңыз қандай?

— Шұбарқұдықтағы концертте халықтың ыстық ықыласы мен риясыз қошеметіне куә болғасын өнерге қызығушылығым, ынтам қайта ашылғандай болды. Жоспарларым өте көп. Өз аудиториямды, тыңдармандарымды жинағым келеді. Басқа жанрларда ән айтуды жоспарлап қойдым.

— Сіз үшін сахна деген не?

— «Сахна — киелі жер» деген сөзді жиі естейміз ғой. Осы сөзбен толықтай келісемін. Сахнаны сыйлау керек. Бұл жерде жын-ойнаққа, ерсі қылыққа жол бермеген жөн. Сахнаға шығу үшін үлкен жүрек керек. Психологиялық жағынан мықты болу керек. Еркін, қысылмай ән айтудың өзі өнер. Әлі күнге дейін сахнаға шыққан кезде қысылып, қатты қобалжимын. Ән айтуға ерекше құмармын. Күнде ән тыңдамасам бірдеңе жетпей тұрғандай болады. Қазір екінің бірі әнші, жазушы, ақын болып кеткен. Тек шын мықты ғана алға суырылып шығады. Бұрынғы әншілердің бағытын таңдаған дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі әндерде мән-мағына жоқ. Сөздерді «жеп қалады». Сондықтан ескі, есті әндерді тыңдайық.

— Тыңдармандарыңызға, жанкүйерлеріңізге не айтқыңыз келеді?

— Тыңдармандарым көп деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде болуы мүмкін. Тыңдармандарым шетелден болса екен деп армандаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version