Ақтөбеде ер адам әйелін бірнеше рет басынан ұрып, оның өліміне себепкер болды. Сот кінәліні 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жоғарғы соттың мәліметінше, соққыдан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлаған: ол төсектен тұра алмай, үйден шықпай қалған. Алғашқы шақыру кезінде дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынғанымен, әйелдің өзі бас тартқан. Кейін қайта шақырылған жедел жәрдем оны ауруханаға жеткізгенімен, ол реанимацияда көз жұмды.
Тергеу барысында белгілі болғандай, айыпталушы бұған дейін де жұбайына қол көтерген. Ол әйелін бірнеше рет ұрып-соғып, құлатқан, бірақ жәбірленуші ол кезде дәрігерге жүгінбеген.
Сот-медициналық сараптама өлімге бас сүйек-ми жарақаты мен қан құйылудан болған ми ісінуі себеп екенін анықтады. Сарапшылар жарақат бір күн бұрын жеткілікті күшпен жасалған соққыдан пайда болғанын растады.
Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Прокурор 10 жыл сұрағанымен, сот 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот облыстық денсаулық сақтау басқармасына жедел жәрдем жұмысына қатысты жеке қаулы шығарып, мұндай жағдайдың қайталанбауына шара қабылдауды тапсырды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.