Ақпарат

Дәрігер Ақжұма Мусина: «Жедел жәрдемде бір күнің бір жылға татиды»

Фото: inbusiness.kz

Соңғы бес жылда дәрігерлерге 160-тан аса шабуыл жасалған. Ақтөбедегі жедел жәрдем дәрігері Ақжұма Мусина өз көзқарасымен бөлісті, деп хабарлайды «Тілші».

Жедел жәрдем қызметкерлері күн сайын өмір мен өлімнің арасында жүреді. Бірақ көбіне олардың еңбегі бағаланбайды, ал кейде өздері шабуылға ұшырайды.

«Көңілі орнықсын деп дәріні біз беруіміз керек»

Ақжұма Мусина — жедел жәрдемде 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан дәрігер. Ол алдымен реанимациялық бригадада қызмет атқарған, соңғы бес жылда колл-орталықтағы аға дәрігер.

— Күніне мыңнан астам қоңырау түседі. Қан қысымы көтеріліп, астмасы ұстайтын зейнеткерлер бар. Дәрісі дайын тұрса да, өздері ішпейді, біз барып бергенде ғана көңілдері жай табады, – дейді ол.

Жалған шақыртулар да көп. «Пышақтап кетті», «төбелес болып жатыр» деген хабарламалар түседі. Кейін бәрі әзіл не баланың ойыны болып шығады.

«Өлімнің де, өмірдің де куәсіміз»

Дәрігердің есінде ерекше сақталған жағдайлар да бар. Бірде антибиотикке аллергиядан анафилактикалық шок алған ер адамды аман алып қалыпты. Алғыс ретінде науқас торт әкеліп, «ажалдан құтқарды» деп газетке жазған.

— Бірақ үнемі алғыс естімейміз. Кейде үлгермей қалсақ, ұрысатындар, қол көтеретіндер болады. Қайғы үстіндегі адамдарды да түсінуге тырысамыз. Бірақ дәл сол сәтте біз тағы бір адамның өмірін сақтап қалуға асығып жатқанымызды ойламайды, – дейді Ақжұма.

Ақжұма Мусина

«Жаңа келгендер шошып қалады»

Бастапқы кездегі ең ауыр сәт – көлік апатына түскен жастарды көрген кезі болған.

— Сүйектері үгітіліп, жан тапсырып бара жатты. Шок болдым. Бірақ уақыт өте келе бәріне етің үйренеді екен, – дейді дәрігер.

«Бізді ұрып, қамап қойған кездер де болды»

Тұрмыстық жанжал, маскүнемдік, төбелес – мұның бәрі жедел жәрдемнің күнделікті көретін көрінісі.

— Бірде мас ер адам есікті кілттеп алып, бізді шығармай қойды. Әйелінің жағдайы қалыпты болса да, бізді «ештеңе істемей отырсыңдар» деп айыптады. Балаларының көзінше балағаттап, қорқытты. Тіпті жүргізушімізді ұрып жіберді, – дейді Ақжұма.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Данияр Сағидолла, Tilshi Podcast жобасының контент-менеджері: «Бізге спикердің танымалдылығынан гөрі айтары маңызды»

«Телефонды қоймаймыз»

Қазір ол диспетчерлерге жетекшілік етеді. Жаңа келгендер қоңырау кезінде абдырап қалмас үшін өзі бағыт-бағдар береді.

— Жол апаты, босану, пышақ жарақаты сияқты жағдайларда телефонды қоя салмаймыз. Құтқарушылар жеткенше әр қадамын айтып отырамыз, – дейді ол.

Бұл — жедел жәрдемнің бір ғана дәрігерінің әңгімесі. Бірақ одан бүкіл саланың ауыр бейнесін көруге болады: жалған шақырту, қол көтеру, өмір үшін арпалыс, алғыс пен қарғыс араласқан күнделікті жұмыс.

Арайлым ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *