Isker Tilshi

Қазақстанда қытайлық BYD электробустары құрастырыла бастайды

Баспасөз қызметінің мұрағаты

Astana Motors пен Қытайдың BYD Auto Industry компаниясы Қазақстанда электробус өндіру жөнінде келісімге келді. Құжат 2 қыркүйекте Бейжіңде, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсян қатысқан Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы аясында қол қойылды.

Келісімге Astana Motors құрылтайшысы Нұрлан Смағұлов пен BYD-тың коммерциялық техника жөніндегі басқарушы директоры Тянь Чунлун қол қойды. Бұл шара кеңестің басты оқиғаларының бірі болды. Тараптар жасыл экономика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және өндірістік тізбектерді нығайту жолдарын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қытайлық ірі компаниялардың қатысуымен стратегиялық жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Соның бірі – Алматыда BYD электробустарын шығару.

– Бұл жобалар ұлттық экономиканы әртараптандыруға, экспортқа бағытталған өнім түрлерін көбейтуге жол ашады, – деді Президент.

Нұрлан Смағұловтың айтуынша, электробус өндірісін іске қосу – елдің экологиялық болашағына қосылған маңызды қадам:

– Бүгін біз отандық автонарық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын келісімге қол қойдық. Қазақстанда BYD электробустарын шығару тұрақты даму жолындағы маңызды белес болмақ, – деді ол.

Өз кезегінде Тянь Чунлун да бұл серіктестіктің Орталық Азиядағы көлік саласына зор серпін беретініне сенім білдірді.

Жоспар бойынша өндіріс екі кезеңмен іске асады:

  • 2025 жылдың желтоқсанында Алматыда ұзындығы 12 метр болатын, Blade батареясымен жабдықталған BYD B12 электробусының өндірісі басталады;
  • 2026 жылдан бастап өндірісті кеңейтіп, технологиялық процестерді тереңдету және жергілікті деңгейде көбірек құрамдас бөлік шығару қолға алынады.

Astana Motors өндірісті ұйымдастырып, сатылым мен сервистік қызметті дамытады. Ал BYD технология ұсынып, қажетті бөлшектермен қамтамасыз етеді, сертификаттау мен брендті пайдалану құқығын бөліседі.

Шілде айында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды BYD-тың Орталық Азия бойынша бас директоры Айван Цаомен және Astana Motors өкілдерімен кездесіп, электр көлігін шығару және жаңа технологияларды енгізу жайын талқылаған болатын.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Многодетная мама запускает первую химчистку в Хромтау при поддержке ERG

BYD-пен әріптестік Қазақстанға экологиялық таза қоғамдық көліктің жаппай өндірісін жолға қоюға, қала экологиясын жақсартуға әрі азаматтардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *