Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері Рамзан Абдуллин мен Роман Соколов өндірістік нысандарды бақылауға арналған инновациялық бағдарлама әзірледі, деп хабарлайды «Тілші» интернет-басылымы оқу орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жүйе жабдықтардың техникалық жағдайын үздіксіз бақылап, қысым, температура, ұңғымалардың дебиті және нысандардың жұмыс күйі туралы деректерді нақты уақыт режимінде жинауға мүмкіндік береді. Арнайы аналитикалық құралдар мен интерактивті карта басшылыққа тиімді шешім қабылдауға жол ашса, шалғайдағы кен орындары үшін оффлайн-режим де қарастырылған.
Жас мамандардың бұл шешімі мұнай саласы өкілдерінің назарын бірден аударды. «КМК Мұнай» АҚ әзірленген жүйені өз өндірістік үдерісіне енгізуге шешім қабылдап, жобаны сатып алды. Ең бастысы – авторлық құқық студенттердің өзінде қалдырылды. Бұл – олардың кәсіби еңбегінің мойындалуы және ірі индустрияға жасалған алғашқы нақты қадамы.
Жоба жетекшісі Әлия Қайыпова бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті:
– Осы жүйеге жасанды интеллект элементтерін қосу арқылы тағы бір жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Қоймадан бастап, тасымалдау арқылы соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл процесті қамтитын арнайы бағдарлама дайын. Бірақ ол әзірге компанияға енгізілген жоқ, – дейді ол.
Бұл табысты бастама Мемлекет басшысының «Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту» жөніндегі тапсырмасының нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Университет басшылығы студенттік жобаның сәтті коммерциялануын ғылым мен бизнестің тиімді интеграциясының жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Жалпы, Жұбанов университетінде студенттердің стартап идеяларын қолдауға, ғылыми жаңалықтарды өндіріс пен бизнеске енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта ғалымдардың нақты сектормен байланысын дамытуға бағытталған арнайы департамент құрылды. Бүгінде бұл құрылым шағын және орта бизнес өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, екі коммерцияландыру жобасын сәтті іске асырды.