Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында әлеуметтік саясаттағы олқылықтарға назар аударды. Президенттің айтуынша, толық емес отбасыға жеңілдік беру сияқты жасанды санаттар қоғамда масылдықты күшейтіп, ажырасу көрсеткішін күрт өсірген, деп хабарлайды «Тілші».
«Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді», – деді Президент.
Тоқаев елдегі демографиялық үрдістерді терең талдау қажеттігін атап өтті. Ол үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанынан жасанды интеллект технологияларын қолданатын Демографиялық үрдістерді талдау және болжау орталығын құруды тапсырды.
Сонымен қатар, еңбек нарығы мен демографиядағы өзгерістер зейнетақы жүйесін қайта қарауды қажет ететінін айтты. Өз-өзін жұмыспен қамтып отырған азаматтардың зейнетақы жинағы жеткіліксіз екенін ескерткен Президент Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға тапсырма берді.
Президент халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың өзектілігіне тоқталып, «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыруды қолдады. Оның аясында былтыр 845 мың азамат заңгерлік кеңес алып, білімін жетілдірген.