Саясат

Трамп Ресейге қарсы санкциялардың «екінші кезеңіне» дайын екенін айтты

Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі, 7 қыркүйек күні Ресейге қатысты санкциялардың «екінші кезеңін» бастауға дайынсыз ба деген журналистер сұрағына қысқаша «иә» деп қана жауап беріп, басқа егжей-тегжейіне тоқталмады, деп хабарлайды Азаттық.

Бұған дейін АҚШ президенті Мәскеу Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеуге келіспеген жағдайда Ресейге қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін де, оның сауда серіктестеріне кеден бажын салуды да жоққа шығармаған болатын. 15 тамызда Аляскада Ресей президенті Владимир Путинмен кездескеннен кейін Трамп шамамен екі апта ішінде Мәскеудің ұстанымын байқап, содан кейін шешім қабылдайтынын айтқан еді.

7 қыркүйекке қараған түні Ресей жүздеген дрон қолданып, Украинаға кезекті рет жаппай шабуыл жасады. Салдарынан төрт адам қаза тапты. Шабуыл кезінде Киевтің орталығындағы үкімет ғимараты да бүлінді. Батыс елдерінің бірқатар жетекшілері мұны Ресейдің бейбіт келісімге мүдделі еместігінің тағы бір дәлелі деп бағалады. Дәл осындай пікірді АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог та айтты.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент жексенбі күні NBC News арнасына берген сұхбатында Вашингтон «Ресейге қысымды одан әрі күшейтуге дайын» екенін айтты. Оның сөзінше, бұл қадам Еуроодақтағы серіктестердің ұқсас әрекеттерімен қатар жүруге тиіс.

Министрдің сөзінше, ресейлік мұнайды сатып алуды жалғастырып отырған елдерге қосымша екінші деңгейлі санкциялар мен баж енгізу Ресей экономикасын күйретуі мүмкін. «Қазір біз Украина армиясының қанша уақыт төтеп бере алатынын және Ресей экономикасының қашанға дейін шыдайтынын көрсететін жарысқа куә болып отырмыз. Егер АҚШ пен [Еуропа одағы] араласып, мұнай сатып алатын елдерге қосымша санкциялар мен баж енгізсе, Ресей экономикасы толықтай күйреп, бұл президент Путинді келіссөз үстелі басына отыруға мәжбүрлейді», – деді Бессент.

АҚШ әкімшілігі бұған дейін санкцияларды дереу қатаңдатпаудың себебін Мәскеудің келіссөздерден мүлде шығып кетуі мүмкін деген қауіппен түсіндірген еді. Ондай жағдайда соғыс белгісіз уақытқа созылуы ықтимал.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстанда Canva сервисі уақытша бұғатталды

Трамп әкімшілігі Ақ үйде билікке келгеннен бері АҚШ іс жүзінде Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізген жоқ. Дегенмен қолданыстағы шектеулерді де жұмсартпады. Ал Еуроодақ, Ұлыбритания және тағы басқа елдер Мәскеуге қарсы қысымды айтарлықтай күшейтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *