Home Aqtobe Day Ақтөбеде нефролог дәрігердің өліміне қатысты іс қаралып жатыр
Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде нефролог дәрігердің өліміне қатысты іс қаралып жатыр

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбеде нефролог Абай Айсағалиевтің өліміне байланысты сот процесі басталды. Қылмысқа 31 жастағы мейіргер айыпталып отыр. Ол кінәсін мойындап, істі алқа билердің қатысуымен қарауды сұрады, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.

Қылмыстың мән-жайы

Оқиға биыл мамыр айында болған. Тергеу деректеріне қарағанда, марқұм мен айыпталушы жеке клиникада әріптес болған. Бірнеше жыл араласқан мейіргер дәрігердің жалғыз тұратынын, қомақты қаржысы барын біліп алған.

Прокурор Гүлзира Көшербаеваның айтуынша, айыпталушы қылмысты алдын ала жоспарлап, интернеттен силикон маскаға тапсырыс берген. 24 мамыр күні түнде дәрігерді үйінде күтіп алып, пышақтап өлтірген. Кейін балтамен ұрып, денесін мұздатқышқа жасырған.

Одан соң дәрігердің заттарын алып кеткен: банк картасы, телефондар, ноутбук пен планшет. Маска киіп, оның атына тіркелген есепшоттан 900 мың теңге алған. Кейінгі күндері банкоматтан тағы да ақша шешіп, жалпы 5,2 млн теңгеден астам қаржыны иемденген. Сондай-ақ жүк көлігімен мұздатқышты бірнеше рет басқа мекенжайға көшірткен. Жүк тасымалдаушылар ішін білмеген, өйткені мұздатқыш скотчпен оралған.

Айыпталушының сөзі

– Кінәмді толық мойындаймын. Өкінемін. Бірақ қасақана емес еді. Қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 бөлігі 8 тармағын 99 баптың 1 бөлігіне ауыстыруды, іске Алқа билерді қатыстыруды сұраймын, – деді ол сотта.

Жәбірленуші тараптың уәжі

Дәрігердің туыстары бұл пікірге келіспей, қылмыс қасақана және аса қатыгездікпен жасалды деп санайды. Себебі зергерлік бұйымдар да жоғалып, айыпталушыдан табылған.

Еске салсақ

Абай Айсағалиевті туыстары 23 мамыр күні жоғалды деп полицияға хабарлаған. Бір аптаға созылған іздестіруден кейін, 31 мамырда оның денесі мұздатқыштан табылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version