Маркетплейсте жүйелі кәсіпті құра білген бойжеткен қыз Амангүл Жанғазиеваның өмір жолы.
Forbes.kz хабарлауынша, Аманта бар болғаны 25 жасында маркетплейстерде нөлден бастап, биылғы айналымы 2 млрд теңгеден асқан бизнеске қол жеткізді. Оның сыры – ерте қадам, жүйелілік және тәртіп.
Алғашқы қадамдар
Маңғыстаудың Бейнеу кентінде туған Аманта сауданың дәмін бала кезден сезінді. Мектепте-ақ ол арзан сағаттарды сатып алып, әлеуметтік желі арқылы сатып, алғашқы iPhone-ына ақша жинады. Кейін пандемия кезінде ағасымен бірге маска сатуды жолға қойып, айына миллиондап табыс тапты.
Жүйелі өсім
Кейін ол тұрақты жүйе іздеп, Wildberries-ке ерте кірді. Алғашқы тауары – сары түсті сіріңке – «көріксіз» болғанымен, көтерме сауда тәсілінің арқасында миллиондаған теңге тапты. Ол өнімді бөлшекпен емес, қорап-қорабымен ұсынды. Осылайша B2B мен B2G бағыттарын да қамтыды.
Кейін Аманта жоғары чекке көшті: қымбаттау, премиум сегменттегі балаларға арналған тауарлар – төсектер, бесіктер, шезлонгтар. Бір тапсырыстың орташа құны 100 мың теңгеден асады.
«10 арзан заттың орнына 10 қымбаттау зат сатамын. Бұл – басқа математика, таза табыс та өзгеше», – дейді ол.
Тиімді логистика
Компаниясы Алматыда орналасса да, тауарды Ресейге де жеткізеді. Логистиканы оңтайландыру үшін Астана мен Алматыда қойманы жалға алады, ал тауарды қазақстандық көтерме сатушылардан алады. Бұл – жылдам айналым мен басқарылатын тәуекел.
«Қытайдан алып келіп, 90 күн ақша тұсауында қалғанша, жергілікті жеткізушіден алып, 40 күнде ақшаны қайта айналдырған тиімді», – дейді Аманта.
Білім мен тәжірибе бөлісу
Бүгінде Аманта тек бизнесті кеңейтіп қана қоймай, 150-ден астам шәкірт тәрбиелеп, маркетплейсте жүйелі жұмыс істеуді үйретіп жүр.
«Кәсіп – кездейсоқ сәттілік емес, ол – жүйе. Тест, орау, іске қосу, ұлғайту. Осыны түсінгенде, сенім тәжірибеге айналады», – дейді ол.