Ақтөбеде телефон алаяқтығына қатысы бар деген күдікпен көршілес облыстың 26 жастағы тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды «Тілші».
Оқиға жаздың ортасында болған. Белгісіз біреу егде жастағы әйелге қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің қызы жол апатына түскенін айтып, мәселені «шешу» үшін қомақты қаржы қажет екенін жеткізген. Тіпті алаяқ әйелдің қызындай дауыстап сөйлеп, ананы алдаған.
Сенгіш ана қызына көмектесемін деп ойлап, үйіне келген бейтанысқа 1,5 миллион теңге беріп жіберген.
Полиция жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Тергеу кезінде оның осындай тәсілмен жасалған тағы кемінде үш қылмысқа қатысы бары дәлелденді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Құзырлы орган күдіктінің басқа да істерге қатыстылығын тексеріп жатыр.
Құқық қорғаушылар мұндай қоңырауларға алданбауға шақырады. Телефон алаяқтары көбіне егде жастағы адамдарға психологиялық қысым жасап, қорқытып-үркітіп ақша талап етеді.
Полицейлердің айтуынша, ешбір полиция қызметкері мәселені шешу үшін ақша талап етпейді және бейтаныс адам арқылы қаражат беруді сұрамайды. Егер күмәнді қоңырау шалынса, сабыр сақтап, ең алдымен туыстарыңызға өзіңіз хабарласқаныңыз жөн.