Home Әлем БҰҰ комиссиясы: Израиль Газа секторында геноцид жасады
Әлем Саясат

БҰҰ комиссиясы: Израиль Газа секторында геноцид жасады

Фото: aljazeera.com

БҰҰ-ның Палестинадағы тәуелсіз халықаралық тергеу комиссиясы жаңа баяндамасында Израильді Газа секторында зұлмат жасады деп айыптады. Құжат Израильдің Газа қаласындағы әскери операциялары күшейіп жатқан тұста жарияланды, деп хабарлайды «Тілші».

«Израиль Газа халқына қатысты геноцид жасады деген қорытындыға келдік. Палестиналықтарды жою ниеті айқын көрініп отыр. Бұл 1948 жылғы Геноцид қылмысының алдын алу және жазалау туралы конвенцияда көрсетілген өлшемдерге сай келеді», – деді комиссия төрайымы, бұрынғы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй.

Израильдің жауабы

Израильдің Женевадағы БҰҰ жанындағы елшісі Дэнни Ханон бұл айыптауларды «жалған және Хамас мүддесіне қызмет ететін» деп бағалап, Комиссия қорытындысын толықтай жоққа шығарды.

Қорытындыға негіз болған деректер

Тергеу комиссиясы Израиль билігі мен қауіпсіздік күштері геноцидтің бес әрекетінің төртеуін жасағанын анықтады:

  • қыру,
  • ауыр дене және психологиялық зиян келтіру,
  • өмір сүру жағдайларын әдейі қиындату,
  • туу көрсеткіштерін шектеуге бағытталған шаралар.

Комиссия Израильдің Газа халқына «қоректен айыру, адам төзгісіз жағдай туғызу» әрекеттерін жүйелі түрде жүргізгенін атап өтті. Баяндамада денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін қасақана жою, жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық деректері де қамтылған.

БҰҰ-ның Гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының (OCHA) деректеріне сәйкес, Газа қаласында әлі де 1 миллионға жуық адам қалып отыр. Ашаршылық ресми түрде расталды, ал тұрғындар күнделікті әуе шабуылдары жағдайында және көмекке қол жеткізе алмай, өмір сүруде.

Халықаралық құқықты орындау міндеті

Комиссия Израильдің Халықаралық соттың 2024 жылғы наурыздағы шешімін елемей отырғанын мәлімдеді. Ол шешім Израильге палестиналықтарға гуманитарлық көмек жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде міндет жүктеген болатын.

«Геноцидтің айқын белгілері байқалып тұрған кезде үнсіз қалу – қылмысқа серіктестік болып саналады. Барлық мемлекеттер геноцидті тоқтатуға қолда бар барлық құралды пайдалануға міндетті», – деді Нави Пиллэй.

Катардағы соққы

Сонымен қатар, БҰҰ Адам құқықтары кеңесі өткен аптада Катар астанасы Дохада Хамастың саяси жетекшілігіне бағытталған Израильдің әуе шабуылына байланысты шұғыл пікірталас өткізді. Соққыдан алты адам қаза тапқан, оның бесеуі Хамас мүшесі екені хабарланды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл әрекетті «Катардың егемендігі мен аумақтық тұтастығын өрескел бұзу» деп айыптады. Ал Қауіпсіздік кеңесіндегі жиында саяси істер жөніндегі БҰҰ өкілі Розмари Дикарло бұл шабуылды аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген елеулі қатер деп атады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version