Home Aqtobe Day Ақтөбеге қандай демалыс орындары керек?
Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеге қандай демалыс орындары керек?

Ақтөбеліктердің көпшілігі демалыс күндерін көңілді, әрі белсенді өткізуді жөн көреді. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтөбеде 70-тен аса парк және сквер бар. Биыл жаңадан салынып, ескілері жөнделіп жатыр. Қала тұрғындары демалыс күндерін қайда өткізіп жүр? Ақтөбеге қандай демалыс орындары керек? Бұл туралы қала тұрғындарының арасында сауалнама жүргіздік.

Әсем Амантаева: Мен демалыс күндерін Aktobe Hub алаңында немесе үйде өткіземін. Сондай-ақ, С. Бәйішев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасындағы American Corner мейкерспейс кеңістігіне барамын. Бұл жерде түрлі семинарлар, кездесулер өтеді. Алайда Ақтөбеге жасөспірімдер мен жастарға арналған ойын-сауық орталықтары керек. Халық саны көбейіп жатқандықтан парктердің санын арттырған дұрыс. Сауда орталықтары көбірек салынса екен. Киімдерге таңдау аз. Ең басты дүние — жастарға арналған даму орталықтары. Жастардың қызығушылығына сай IT Hub-тар, тегін коворкингтер, заманауи кітапханалар ашылса, жақсы болар еді.

Ринат Қыдырғали: Демалыс күндерін отбасыма арнаймын. Жаздыгүні кешкі уақытта Триатлон және Орталық саябақтарында серуендейміз. Меніңше, қалаға боулинг орталықтары керек. Ақтөбеде боулинг ойнатын жерлер жоқтың қасы.

Бекзат Машимов: Жұмыстан тыс уақытта белсенді демалуды жөн деп санаймын. Триатлон саябағында спортпен айналысқан ұнайды. Кешкі уақытта мұнда адам көбейіп кетеді. Сондықтан осындай саябақтың екі-үшеуі керек. Халық саны өсіп келеді. Спортпен айналысушылардың саны да артуда. Жалпы ақтөбеліктер спортқа жақын ғой. Әсіресе, көпшілігі футбол ойнағанды ұнатады. Сол себепті футбол алаңдары көбірек салынса екен. Ойын-сауық орталықтары да керек-ақ. Keruen city сияқты ойын-сауық орталығы салынса, жастардың демалыс уақыты көңілдірек өтеді.

Еркеназ Таран: Демалыс күндерін көбіне отбасыммен және достарыммен бірге серуендеп, табиғат аясында уақыт өткізгенді ұнатамын. Ақтөбеде өзіме ұнайтын орындардың бірі – жағалаулар мен Триатлон, Орталық саябақтары. Әсіресе, жаздыгүні таза ауа, балаларға арналған алаңдар, кешкі серуенге әдемі атмосфера сыйлайды.

Дегенмен, Ақтөбеге әлі де заманауи демалыс орындары жетіспейді. Мысалы, үлкен ойын-сауық орталықтары, балаларға арналған парктер немесе ашық алаңдар болса, өте жақсы болар еді. Қыс мезгілінде де бос уақытты қызықты өткізуге арналған жабық саябақтар, мәдени-спорттық орталықтар көбейсе деймін.

Жалпы Ақтөбе — күннен-күнге көркейіп келе жатқан қала. Табиғаты әсем демалыс орындарымен қатар, заманауи демалыс орындары да көбейсе, қала тұрғындарының да, қонақтарының да уақыты тиімді әрі қызықты өтетіні сөзсіз деп ойлаймын.

Эльмира Серікқызы: Мен Есет батыр шағын ауданында тұрамын. Кешкі уақытта үйімнің жанындағы саябақта ұлыммен бірге серуендеймін. Балаларға арналған ойын-сауық орталығына апарамын. Биыл жазда байқағаным, қалада парктердің саны артып келеді. Ақтөбе мегаполиске айналуда. Алайда ойын-сауық орталықтары жетіспейді.

P.S. Ақтөбеліктердің көпшілігі жаңа саябақтар мен ойын-сауық орталықтарының салынғанын қалайды. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәңгілік Ел мен Мұстафа Шоқай көшелерінің қиылысында, «Қоныс» спорт кешені ауданында сквер, Тәуелсіздік көшесінде және Есет батыр тұрғын алабында саябақ, Пацаев ескерткішінің артында скейт-парк, Сәңкібай батыр даңғылында демалыс паркі салынып жатыр. Сондай-ақ, М. Мәметова көшесіндегі бос аумақ, Автовокзал алдындағы қараусыз қалған саябақ, «Дастан» қонақүйінің маңында орналасқан аллея, Ә.Молдағұлова даңғылы, 45 үйден №21 және №27 мектептерге қатынайтын қараусыз қалған учаскенің бір бөлігі абаттандырылуда.

Марат Төлепберген,
арнайы TilshiNews үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version