Home Aqtobe Day Ақтөбеде «Актив» ломбардтар желісінің иесі ұсталды
Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде «Актив» ломбардтар желісінің иесі ұсталды

Фото: yandex.kz

Ақтөбеде ірі ломбардтар желісінің иесі Сергей Койнов ұсталды. Бұл ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі растады, деп хабарлайды «Тілші».

Агенттік мәліметінше, елдің әртүрлі қалаларында шамамен 200 филиал жұмыс істеген ірі заңсыз микрокредит беру схемасы әшкереленді.

Заңсыз қарыз беру тетігі

Қаржылық мониторинг агентінің хабарлауынша, Сергей Койнов сенімді тұлғалардың атына бірқатар компаниялар рәсімдеген. Олар «Актив Маркет» брендімен тауар және тұрмыстық техника сатып алатын комиссиондық дүкен ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде мүлікті кепілге алып қарыз берген.

Ломбардтар мен комиссиондық дүкендер бір ғимаратты, бір персоналды пайдаланған.

«Қысқа мерзімді қарыздар (45 күнге дейін) бойынша сыйақының шекті мөлшері тәулігіне 0,3 пайыздан аспауы тиіс. Алайда Койновтың компаниясы қарызды 15 күнге 16,2 пайыз сыйақымен берген. Бұл заңмен белгіленген шектен 4 есе артық», — делінген агенттік хабарламасында.

Осының салдарынан жүздеген мың азамат, оның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түскен. Соңғы екі жылда олардан заңсыз түрде 3,5 миллиард теңгеден астам ақша өндіріп алынған.

Ақшаны жасыру жолдары

Агенттік мәліметіне сәйкес, табысты заңдастыру үшін Койнов үлестес компаниялармен бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу бойынша жалған келісімшарттар жасаған. Сома — 1,9 миллиард теңге. Кейін қаражат жеке депозиттік шотына дивиденд ретінде аударылған.

«Қазіргі уақытта елдің барлық өңірінде 200-ден астам тінту жүргізілді, заттай айғақтар алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», — деп хабарлады агенттік.

Ресми түсіндірме

Агенттік мәліметінше, «Актив» лицензияланған ломбардтар желісінің қызметі тергеу нысанасы болып саналмайды. Ешбір филиал жабылмаған, ал «Актив Маркеттегі» кепілдегі мүлік ломбард иелігінде қалып отыр.

Сонымен қатар, агенттік азаматтардан артық мөлшерлемемен микрокредит алған тағы 14 істі тергеп жатыр. Барлығы 15 адамға күдік тағылған.

«Микроқаржы қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге қарыз алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтауды, ал сыйақы мөлшерлемесін заңсыз өсіру жағдайында жауапкершілік бар екенін еске саламыз», — делінген хабарламада.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version