Home Әлеумет Маңғыстаудағы жұмыссыздық: жастардың үнсіз айқайы
Әлеумет

Маңғыстаудағы жұмыссыздық: жастардың үнсіз айқайы

Фото: freepik.com

Маңғыстау – Қазақстанның энергетикалық жүрегі. Мұнай мен газ қоры ел экономикасын жылдар бойы сүйреп келеді. Алайда осы байлықтың ортасында тұрған қарапайым халық, әсіресе жастар, тұрақты жұмыс табуда қиналып жүр.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, облыстың ресми жұмыссыздық деңгейі – 5,1%, жастар арасындағы көрсеткіш – 3,6% (ҰСБ, 2023 ж.). Қағазда бәрі қалыпты көрінгенімен, шынайы өмірде жағдай мүлде басқа. Ақтаудағы 120–150 мың теңгелік айлық пәтерақы мен күнделікті шығынға жетпейді. Мыңдаған жас маман оқуды тәмамдаған соң, туған жерінде өз орнын таба алмай, вахталық жұмысқа немесе басқа өңірге көшуге мәжбүр.

Жұмыссыздық – бұл тек экономикалық проблема емес. Ол әлеуметтік сенімсіздікті күшейтіп, жастардың елден үмітін үзуіне әкеледі. Ал үмітсіздік – көші-қонды күшейтіп, қылмыс пен теріс ағымдарға жол ашатын қауіпті фактор.

Мен күнде жастармен жүздесемін. Олардың ішіндегі ең жиі айтатыны – «оқуды бітірдік, бірақ туған жерімізде өз орнымызды таба алмай жүрміз» деген сөз. Бір жас жігітпен сөйлестім: университетті қызыл дипломмен тәмамдаған. Бірақ қазір таксист болып жүр. «Мамандығым бойынша жұмыс жоқ», дейді. Бұл – жеке бір тағдыр ғана емес, бүтін бір буынның шындығы.

Жастар санының өсуі – мүмкіндік пе, қауіп пе?

Соңғы жиырма жылда Маңғыстауда жастардың саны күрт артты. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2000 жылдан 2022 жылға дейін жастар саны 81,7% өсіп, 154,5 мың адамға жеткен. Ал 2023 жылы бір жыл ішінде 76,5 мың жас қосылып, жалпы көрсеткіш 231,1 мың адамға жетті (ҰСБ, 2023 ж.). Бұл – республикадағы орташа өсімнен 25,4%-ға жоғары қарқын.

Бұл деректер екі түрлі қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Біріншіден, жастардың көбеюі – өңірдің болашағы үшін зор мүмкіндік. Жас кадрлар жаңа салаларда еңбек етіп, аймақтың дамуына үлес қоса алады. Екіншіден, егер олар үшін лайықты жұмыс орындары ашылмаса, бұл өсім – әлеуметтік қысым мен наразылықты күшейтетін қауіпке айналады.

«Жастардың жұмыссыздығы тек экономикалық көрсеткіш емес, ол өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Егер біз қазірден жаңа салаларға инвестиция жасамасақ, ертеңгі күні наразылыққа дайын буынды қалыптастырамыз», – дейді экономист Самалбек Жұмабаев.

Шешім қайда: ұсыныстар мен талап

Сарапшылардың пікірінше, Маңғыстаудың негізгі проблемасы – мұнайға тәуелділік. Өңірдің экономикасы шикізатқа байланған, ал балама өндірістер мен жаңа бағыттар баяу дамуда. Бұл жағдайды өзгерту үшін бірнеше нақты қадам қажет:
• Жастарға қаржылай қолдау: қолжетімді микронесие, стартап гранттары, кәсіп бастауға жеңілдетілген несие (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2022 ж. «Жастар практикасы» аясында 38 мың жас жұмыспен қамтылған).
• Жаңа жұмыс орындары: өңдеуші өнеркәсіп, логистика, цифрлық экономика мен «жасыл» энергия бағыттарын дамыту.
• Шағын бизнесті жандандыру: жастардың бизнес-бастамаларын қолдау, оқыту бағдарламаларын кеңейту.
• Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі: жастарға арналған жобалар қағазда емес, нақты өмірде іске асуы қажет.

Қорытынды

Маңғыстаудың болашағы – оның жастары. Егер жастарға лайықты жағдай жасалса, аймақ тек мұнай-газ саласымен ғана емес, әртараптанған экономикасымен де дамиды.

Мен жастарға сенемін. Бірақ сенім – бос ұран емес, нақты іс болу керек. Жастарға жағдай жасасақ, Маңғыстау тек мұнайымен емес, жаңа идеяларымен, жаңа салаларымен де танылатын өңірге айналады. Ал егер бүгінгі 20 мың жұмыссыз жасқа көз жұма қарай берсек, ертең бұл тек статистика емес, үлкен әлеуметтік жарылысқа айналуы мүмкін.

Толқын Кенжалы,
Маңғыстау облысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version