Home Әлеумет Қарағандыдағы полиция пунктінен әйелдің мәйіті табылды: ІІМ түсініктеме берді
Әлеумет

Қарағандыдағы полиция пунктінен әйелдің мәйіті табылды: ІІМ түсініктеме берді

Фото: informburo.kz

1 қазанға қараған түні Қарағандыдағы полицияның бір тірек пунктінен әйел адамның мәйіті табылды. Сол жерде ес-түссіз жатқан полиция қызметкері ауруханаға жеткізілген. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, деп хабарлайды «Тілші».

Не белгілі?
Қарағанды облыстық полиция департаменті ақпаратты растады:

«Полиция тірек пункттерінің бірінде бір әйелдің мәйітінің табылуына қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары мен өлімінің себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында ес-түссіз күйінде болған полиция қызметкері медицина мекемесіне жеткізілді. Жан-жақты тексеру үшін арнайы тергеу-жедел тобы құрылды, сонымен бірге қызметтік тексеріс тағайындалды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Департамент өкілдері тергеу барысын өңірлік полиция бастығы жеке бақылауда ұстайтынын айтып, азаматтарға жалған ақпарат таратпау жөнінде ескерту жасады.

Бейресми деректер қандай?
Жергілікті «Патриот» Telegram-арнасының жазуынша, екі адамды тірек пунктіне барған учаскелік инспектор тапқан, әйел мәйіті жалаңаш күйінде жатқан, ал полиция майоры «қандай да бір заттың ықпалында» болғанға ұқсайды. Дегенмен облыстық полиция бұл мәліметке түсініктеме берген жоқ.

ІІМ не дейді?
Мәжіліс кулуарында сұрақтарға жауап берген ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов оқиға бойынша іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды Tengrinews.kz:

«Біз арнайы жедел-тергеу тобын құрдық, департаменттің өзіндік қауіпсіздік қызметі де қосылып, қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Бүгін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Егер аумақтық полиция департаментінің қандай да бір лауазымды тұлғаларының кінәсі анықталса, ең қатаң тәртіптік шаралар қолданылады», — деді ол.

Полицейдің жағдайына қатысты сұраққа Әділов: «Қазіргі уақытта ол ауруханада», — деп қысқа қайырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version