Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Жаппасұлының қазасына байланысты туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды «Тілші».
«Оның жарқын бейнесі, өткір тіл мен ойлы әзілге құрылған шығармалары, қаламгерлік қолтаңбасы әріптестерінің, оқырмандарының және барша қазақ журналистикасы қауымының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Еркін Жаппасұлы қазақ сатирасының айшықты өкілі ретінде танылды. Оның ойлы да ұтқыр туындылары әдебиет пен журналистикаға айрықша із қалдырды, ұлттық құндылыққа адалдық пен кәсіби биік өлшемнің үлгісін көрсетті.
Шығармашылық жолы 1967 жылдан басталып, облыстық «Семей таңы», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Ара-Шмель», «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында сықақ әңгімелері жарық көрді.
«Кімге күлкі, кімге түрпі?», «Ой, қытығым келеді…», атты т.б. сатиралық кітаптары жарық көрген. 2003 жылы «Қымсынбашы, қылықтым» атты кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан «Мыңқетпес мыңқ етер емес» әзіл-сықақ әңгімелер жинағы жарық көрген. Шығармалары орыс, қытай тілдеріне аударылған.
Еркін Жаппасұлы «Қазақстан», «Хабар» арналарындағы әзіл-сықақ бағдарламаларының, сондай-ақ «Тамаша» ойын-сауық отауының тұрақты авторы болды.