Aqtobe Day Әлеумет

Сал ауруына шалдыққан балалар қалай сауығады?

Фото: freepik.com

Сал ауруы – балалар арасында жиі кездесетін жүйке жүйесінің зақымдануынан туындайтын қозғалыс бұзылысы. «Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі Бақыт Исаеваның мәліметінше, Ақтөбе қаласы бойынша шамамен 1338 бала сал ауруы бойынша диспансерлік есепте тұр. Дертке шалдыққан балаларға жыл бойы жан-жақты медициналық көмек көрсетіледі.

Қала бойынша медициналық оңалту орталықтары көпсалалы ауруханаларда, «Аяла», «Ақбөбек», «Дару» медициналық мекемелерінде бар. Бұған қоса, ерте араласу орталықтары да жұмыс істейді. Мәселен, көпсалалы облыстық балалар ауруханасы мен облыстық перинаталдық орталық жанындағы арнайы бөлімшелерде, сондай-ақ Шалқар аудандық ауруханасында балаларға амбулаторлық оңалту қызметтері көрсетіледі. Жыл басталғалы 6 ай ішінде қаладағы оңалту орталықтарының стационарларында және бөлімшелерінде 266 бала, амбулаторлық-емханалық жағдайда 335 бала сал ауруына байланысты оңалтудан өткен.

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде дәрігерлер мен мейірбикелер сал ауруының алғашқы белгілерін ерте кезеңде анықтап, балаларды мамандарға жолдайды. Бұл бағытта невролог, психиатр, ортопед, логопед сияқты бейінді мамандарға жіберу, диспансерлік бақылауға алу жұмыстары жүргізіледі. Реабилитациялық орталықтарда балалар кешенді медициналық тексеруден өтеді. Арнайы комиссия диагноз қойып, қысқа және ұзақ мерзімді оңалту мақсаттарын айқындайды. Сонымен бірге тәуекел факторлары бағаланып, қажетті емдік шаралар жүргізіледі. Әрі қарай оңалтудың нәтижесі талданып, баланың жағдайына сәйкес жеке бағдарлама жасалады.

Стационарлық және амбулаториялық оңалту шаралары учаскелік дәрігердің жолдамасы арқылы жүргізіледі. Сал ауруына шалдыққан балаларға жылына төрт рет медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, жыл сайын бір рет Астана мен Алматыдағы республикалық орталықтарда («Ұлттық балаларды оңалту орталығы», «Балбұлақ») оңалтудан өтуге мүмкіндік бар.

Сал ауруларына шалдыққан балаларды оңалту үшін ерте араласу орталықтарының рөлі ерекше. Баланың дамуындағы алғашқы ауытқулар дер кезінде анықталса, оңалту шараларының тиімділігі арта түседі. Осы жайында толығырақ Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының ерте араласу бөлімінің меңгерушісі, невролог-реабилитолог Бибігүл Әлиева әңгімелеп берді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде подполковник жердегі кеспені жеуден бас тартқан сарбазды соққыға жыққан

Невролог-реабилитологтың айтуынша, ата-ана 3 ай мен 3 жас аралығында баланың даму кідірісін байқаса, дәрігерге апару керек. Дер кезінде ем алса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Сәбидің аунамауы, қолын, білегін тіремеуі, мойнын ұстай алмауы, еңбектемеу, отырмау — негізгі белгілер. Қазіргі таңда балалардың көпшілігінің сөйлеу тілі бұзылған. Сондай-ақ, дамуы тежелген балалар эмоциясын көрсете алмайды, назар аудармайды, былдырлап бір-екі сөз айта алмайды.

— Ерте араласу орталығына келген балаға мультидисциплинарлық комиссия ұйымдастырамыз. Оның құрамында дефектолог, психолог, эрготерапевт, реабилитолог, невролог дәрігерлер болады. Балаға 21 күндік мақсат қоямыз. Сол мақсатқа жету үшін анасының да көмегі керек. Мысалы, 10 айлық баланың дамуында кідіріс бар делік. Дамуы 3 айлық баланікіне де жетпейді. Бұл бала мойнын ұстап, білегін тірей алатындай деңгейге жету үшін мақсат қоямыз. Анасына жағдайды, мақсатты түсіндіріп, бірлесе жұмыс істейміз. Бұл — өте жақсы технологиялық әдіс, — деді Бибігүл Әлиева.

Дәрігер балалардың дамуына қатысты пікірін білдіріп, ата-аналардың кәдесіне жарар кеңестерімен де бөлісті. Айтуынша, баланың дамуы жаттығулармен шектелмейді. Керісінше, баланы дамыту үшін ойын мен ойыншықтың да маңызы бар. Жаңа туған сәби анасының бет-ажарына қарап, дауысын, эмоциясын санасына сіңіріп, қайталауға тырысады. Бала 3 жасқа дейін айналасынан көргенді, естігенді қайталап, ойыншықтармен ойнап, заттарды ұстап, оны қалай пайдалануға болатынын түсініп дамиды. Осылайша балада қарапайым дағдылар қалыптасады. Сондықтан жаттығу жасағаннан гөрі баланың жасына сай, таным-түсінігін кеңейтетін, пайдалы ойыншық сатып алу керек. Әдетте ата-аналар баласына пішінсұрыптағыш, қалып сәйкестендіргіш сынды ойыншықтарды сатып алады. Бұл ойыншықтар баланы дамытпайды. Мұндай ойыншықтарды арнайы мамандар ғана пайдаланады екен.

Аружан Смағұлова,
арнайы TilshiNews үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *