Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетіп, бас жүлде алғаш рет «Ақтөбе» командасына бұйырды, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.
Соңғы турда ақтөбелік клуб өз алаңында елордалық «Астана» командасын қабылдады. Кездесу барысында олар қарсылас қақпасына жауапсыз 6 гол салды. Осылайша қарсыласынан 6:0 есебімен басым түсіп, 74 ұпаймен бірінші орын алды. Нәтижесінде 2026 жылғы Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды.
«Ақтөбе» 2014 жылы құрылды. Ел біріншілігінде 2024 жылы күміс алса, 2018 жылы қола жүлдегер атанған еді.
Ал он бір жыл бойы ел чемпионы атағын ешкімге ұстата қоймаған шымкенттік БИІК клуб бұл жолы екінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Олар соңғы турда сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжар» клубын 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Өзге ойындардың нәтижесі
«Томирис-Тұран» (Түркістан) — «Елімай» (Семей) 4:0
«Атырау» — «Оқжетпес» (Көкшетау) 4:0
«Қайрат» (Алматы) — «Ұлытау» (Жезқазған) 0:0
«Жеңіс» (Астана) — «Тобыл» (Қостанай) 0:0
«Қайсар» (Қызылорда) — «Жетісу» (Талдықорған) 5:0.
Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан биыл әйелдер құрамалары құрылған. Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді. Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.