Экономика

Қазақстанда ипотека беру уақытша тоқтатылды: Үй бағасы қымбаттайды ма?

Фото: pixabay

10 қазаннан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтергеннен кейін елдегі тұрғын үй несиелеу нарығында елеулі өзгерістер басталды. Бірқатар банктер ипотекалық өтінімдерді қабылдауды тоқтатса, басқалары шарттарды қайта қарауда. Кейбірі жаңа бағдарламалар дайындап жатыр, деп хабарлайды «Тілші» tengrinews.kz-ке сілтеп.

Банктер не дейді?

Halyk Bank
Банк стандартты ипотека бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты.

«Қазір баламалы тұрғын үй несиелеу бағдарламалары әзірленіп жатыр. Қайта іске қосылғаны туралы қосымша хабарланады», – деді банк өкілдері.

Altyn Bank
Банк тек «Цифрлық ипотека» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Себебі — ГЭСВ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін) есептеу ережелеріндегі өзгерістер.

«Барлық бұрын берілген өтінімдер қолданыстағы талаптарға сай қаралады», – делінген ресми хабарламада.

Банк жаңа тұрғын үйге арналған серіктестік бағдарламалар мен тұтынушылық несиелерді бұрынғы режимде беріп жатыр.

ForteBank
ForteBank жаңа ипотекаларды уақытша тоқтатты, бірақ бағдарламаларды жаппайды.

«Бұл тек үзіліс. Нарықтық жағдайды талдағаннан кейін жаңа пайыздық мөлшерлемелер бекітіледі», – деп хабарлады банк.

Банк ЦентрКредит
БЦК мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотека беруді жалғастыруда.

«Негізгі мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты техникалық түзетулер енгізілді, соның салдарынан өтінім қабылдау уақытша шектелді», – деді баспасөз қызметі.

Freedom Bank
Freedom Bank ипотеканы беруді жалғастырып жатыр, бірақ пайыздық мөлшерлемелер көтеріледі.

«Жаңартылған мөлшерлемелер жақын арада сайтта жарияланады», – деді банк.

Мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы бұрынғыдай қолжетімді күйінде қалады.

Отбасы банк
Басқа банктерден айырмашылығы, «Отбасы банк» қызметін нарықтағы құбылыстар әсер етпейді.

«Біздің жүйе — жабық. Салымшылардың жинақтары тек тұрғын үй несиелерін беруге жұмсалады. Сондықтан банк тұрақты жұмыс істейді және нарықтық өзгерістерден қорғалған», – деп түсіндірді банк.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтерді: бұл нені білдіреді?

Сарапшылар не дейді

Қазақстан риэлторлар федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, базалық мөлшерлеменің көтерілуі – күтпеген емес, бірақ сезімтал қадам.

«Ипотеканы жауып тастады деген сөз – асыра айтылған. Банктер тек уақытша үзіліс алып, тәуекелдерді қайта есептеп, жаңа шарттарды дайындап жатыр. Бұл қалыпты жағдай», – деді ол.

Сарапшының пікірінше, алдағы уақытта нарық уақытша тарылуы мүмкін: пайыздық мөлшерлемелер 2–3 пунктке өсіп, қарыз алушыларға қойылатын талаптар қатая түседі.

«Бұл әсіресе жас отбасылар мен бастапқы жарнасы аз адамдарға әсер етеді», – дейді Мүсірепов.

Пәтер бағасы не болады?

Сарапшы жылжымайтын мүлік бағасы тұрақталады деп болжайды.

«Нарық суып келеді. Кейбір өңірлерде баға 5–10 пайызға түзетілуі мүмкін. Бірақ урбанизация, демография және ескі тұрғын үй қорының жаңаруы сияқты факторлар сұранысты сақтап отыр», – дейді ол.

Қазір ипотека нарығы дағдарыс емес, бейімделу кезеңінде.
Банктер жаңа шарттарға икемделіп жатыр, ал нарық неғұрлым ақылға қонымды және теңгерімді модельге өтуде.

«Ипотека өлген жоқ — ол жаңа ережелерге бейімделіп жатыр», – деп түйіндеді сарапшы Ермек Мүсірепов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *