Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында көгілдір отынға қосылған ауылдар саны артқанымен, аудан халқының бір бөлігі әлі күнге дейін газдың игілігін көре алмай отыр, деп хабарлайды «Тілші».
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеше ғана Әйке және Тереңсай ауылдарына табиғи газ тартылды. Осы екі елді мекенде барлығы 329 үйде 1,6 мыңнан астам тұрғын тұрады. Енді олар алғаш рет газ пайдаланып отыр. Бұған дейін ауылдар тек орталықтандырылған сумен қамтылған болатын.
Жобаны «Ерзат» ЖШС орындады. Газ құбырының ұзындығы — 26,3 шақырым.
Аудан әкімдігі мәліметінше, жыл соңына дейін Қияқты және Ұлғайсын ауылдары да газға қосылады. Осы жұмыстар аяқталған соң аудан бойынша 18 елді мекен (66,6%) көгілдір отынмен қамтылады. Бұл дегеніміз — шамамен 18 мың адам немесе аудан халқының 87,5 пайызы.
Демек, қалған 12,5 пайыз немесе әрбір сегізінші тұрғын әлі де газсыз өмір сүріп отыр. Бұл – бірнеше ауыл әлі орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмағанын білдіреді.
Жергілікті билік өкілдері қалған ауылдарға да кезең-кезеңімен газ жеткізілетінін айтып отыр. Алайда тұрғындар бұл бағыттағы жұмыстың жылдам жүруін және барша ауылға бірдей жағдай жасалуын күтеді.