Жаңа Салық кодексін енгізу аясында Үкімет шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық режиміне қойылған артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Тілші».
Қолданыстағы заңнамадағыдай, тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімінде 44 бағыт қана сақталады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі. Бұл микро және шағын бизнес үшін келесі жеңілдіктерді қамтиды:
• салықтық тексерулер жүргізілмейді;
• камералдық бақылау алынып тасталады;
• мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берілмейді;
• негізгі қарыз 2026 жылғы 1 сәуірге дейін өтелсе, өсімпұл мен айыппұлдар жойылады.
Сондай-ақ салық төлеушілерге тексерусіз және сотқа жүгінбей-ақ есептен шығару мүмкіндігі беріледі.
Бұл шаралар жаңа Салық кодексіне біртіндеп көшуге және бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.