Home Isker Tilshi Қазақстанның ірі кәсіпкерлері футбол клубтарын сатып алуға қызығушылық танытты
Isker Tilshi

Қазақстанның ірі кәсіпкерлері футбол клубтарын сатып алуға қызығушылық танытты

Фото: freepik.com

Қазақстанның бірқатар танымал кәсіпкерлері — Тимур Турлов, Михаил Ломтадзе және Сергей Кан — отандық футбол клубтарын сатып алуға және инфрақұрылымға инвестиция салуға ниетті. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы футбол клубтарын коммерцияландыру бойынша әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізіп жатыр.

«Осы бағыттағы жұмыс аясында “Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы” АҚ (Сергей Кан) “Қызыл-Жар” футбол клубын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Freedom Finance компаниясы (Тимур Турлов) “Шахтер” клубына арналған стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытты. Ал Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) “Жеңіс” клубын сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын дамытуға ниетті. Сонымен қатар, қызылордалық TAU Group Ltd компаниясы (“Қайсар” клубын) сатып алуды жоспарлап отыр», — деді Бектенов.

Премьер-Министрдің айтуынша, сондай-ақ «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына қызығушылық танытқан басқа да инвесторлармен келіссөздер жүргізілген.

2025 жылы Қазақстан футболын дамытуға 34,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 31,8 млрд теңге — кәсіби клубтарды (Премьер-лига мен Бірінші лига), ал 3,1 млрд теңге — балалар және бұқаралық футболды қолдауға бағытталған.

Инвесторлар туралы:

Тимур Турлов — Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы және негізгі акционері. Қазіргі таңда Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Қазақстан футбол федерациясының атқару комитетінің мүшесі және Freedom QJ League жасөспірімдер футбол лигасының қамқоршылар кеңесінің төрағасы. Ол “Шахтер” клубының базасында стадион және футбол академиясын салуды жоспарлап отыр.

Сергей Кан — “Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы” АҚ мен “КИНГ” институтының иесі. Энергетика саласындағы ірі кәсіпкер «Қызыл-Жар» клубын сатып алуға қызығушылық білдірген.

Михаил Ломтадзе — Kaspi.kz компаниясының акционері және басқарма төрағасы. 2024 жылы ол Англияның Wycombe Wanderers клубының 90% үлесін сатып алып, оның директорлар кеңесіне енген. Енді кәсіпкер Қазақстанда да футболды дамытуға инвестиция салмақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін спорт пен дене шынықтыруды дамыту — кәсіпкерлер үшін үлкен азаматтық жауапкершілік пен абыройлы миссия екенін атап өткен еді.

«Мемлекет ірі бизнес өкілдерін қолдайды, бірақ қоғам олардың да спортты дамытуға белсенді үлес қосқанын күтеді. Әсіресе футбол сияқты салаларда коммерцияландыруға жол ашу маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version