Aqtobe Day

Марафоншы Мәжит: «Мәреге дейін жету — басты мақсат»

Жүгіру — адамды тәртіпке, төзімділікке және ерік-жігерге тәрбиелейтін спорт түрі. Ақтөбелік марафоншы Мәжит Мұханов үшін бұл тек хобби емес, өмір салтына айналған әдет. Ол алғашында жүгіруді денсаулығын жақсарту мақсатында бастаған, ал бүгінде түрлі қалаларда өтетін марафондарға тұрақты түрде қатысып жүр.

Марафоншы Мәжит Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дене шынықтыру және спорт білім беру бағдарламасының 4 курсында оқиды. Жас спортшының тұрақты түрде жүгірумен айналысқанына шамамен 5-6 жыл болған. Ал алғаш рет 2020 жылы марафонда бақ сынаған еді.

— Бастапқыда жай ғана қозғалыс үшін жүгіретінмін. Кейін өзімді сынап көру мақсатында марафондарға қатыса бастадым. Мотивациям – өз шегімді байқап, күн сайын жақсы жетістікке жету. Алғаш рет жүгіргенде толқу да, қуаныш та болды. Соңғы шақырымдар қиынға соғатын, бірақ мәреге жеткен сәттегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Міне, сол бір ерекше сезім мені алға жетеледі, — деп еске алды ол.

Содан бері ол жыл сайын түрлі қашықтықтағы жарыстарға қатысып, өз нәтижесін жақсартып келеді. Жас спортшы Ақтау (10 минут) және Жітіқара (9 минут 48 секунд) марафондарында 3 км жүгіріп, I орын иеленген. Қостанайдағы марафон эстафетада 21 километрді артқа тастап, I орынға ие болды. Ал Ақтөбедегі марафонда 10 шақырымды 35 минутта жүгіріп, II орынға табан тіреді. Соңғы екі-үш жылда марафон оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Тіпті, тек Ақтөбеде ғана емес, өзге де қалаларда болатын марафондарға тұрақты түрде қатысады. Марафонға жалғыз өзі емес, команда болып барады. Команда Ақтөбемен қатар Алматы, Ақтау, Астана, Шымкент және өзге де өңірлерден жасақталған.

— Ең есте қалған марафоным – Ақтау қаласындағы жарыс. Себебі теңіз жағалауындағы атмосфера ерекше, әрі сол марафонда өзімнің ең жақсы нәтижемді көрсеттім. Әр қаланың ұйымдастыруы мен атмосферасы ерекше. Бірнеше рет 10 және 21 км қашықтықта жақсы нәтиже көрсетіп, өз рекордымды жаңарттым. Ең үлкен қиындық – өз ойыңмен күресу және дененің шаршауына төтеп беру. Мен үшін ең ұзақ жүгіріс – 21 км, жартылай марафон болды. Соңғы шақырымдарда тек рух пен төзім сынақтан өтеді, — деді Мәжит.

Марафоншы аптасына 4–5 рет жаттығып, жалпы 40–60 шақырым жүгіреді. Ал жарыс алдындағы дайындық кезінде бұл көрсеткіш 80 шақырымға дейін жетеді. Әрине, спортшы үшін жаттығу мен тәртіптен бөлек дұрыс тамақтану да маңызды.

— Дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлемін. Көп су ішемін, майлы және ауыр тағамдардан аулақпын. Көмірсулар мен ақуыз тепе-теңдігін сақтау – басты қағидам. Бастысы – асықпау. Алдымен аз қашықтықтан бастап, тұрақты жаттығу жасау керек. Дұрыс аяқ киім, дем алу ырғағы мен ұйқы – бәрі де маңызды. Ең бастысы – өз денеңді тыңдай білу. Жүгірмес бұрын бұлшықетті қыздырып, созылу жаттығуларын жасау керек. Бірде бұлшықетім тартылып, ауырған кездер болған. Сондықтан аяққа демалыс беруді ұмытпаймын, — деді марафоншы.


Мәжиттің айтуынша, соңғы уақытта Ақтөбеде марафон мәдениеті қалыптасып келеді. Марафон сайын жаңа қатысушылар бақ сынап, жүгіруге ынта қойғандардың саны арта бастағаны байқалады.

—Жүгіру жастарға тәртіпті, мақсат қоюды және төзімділікті үйретеді. Адамды тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да тәрбиелейді. Сондықтан жастарды ерте бастан спортқа тарту болашақ үшін маңызды. Марафон кезінде «қолымнан келмейді-ау» деген ой туады. Әсіресе, ауа райының қолайсыздығы, дененің шаршауы кері әсер етеді. Бірақ «мәреге дейін жету – басты мақсат» деген ой мені тоқтатпайды. Осындайда мотивацияны өз нәтижемнен және айналамдағы адамдардан аламын. Әр марафон – өз-өзіңмен күрес. Кейде шаршағанда «бір қадам алға» деген ой өздігінен күш береді, — дейді жас спортшы.

Келесі жылы Мәжит Астана және Алматы марафондарына қатысуды жоспарлап отыр. Мүмкіндік болса, халықаралық жарыстарда да бақ сынағысы келеді. Марафоншы Мәжиттің ендігі мақсаты – жартылай марафоннан толық марафонға өту және жеке рекордтарын жаңарту.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе облысында 23 адам бруцеллез жұқтырған

Аружан Смағұлова,
арнайы TilshiNews үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *