Ауыр жол апатынан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен арнайы Үкіметтік комиссия отырысы өтті. Комиссия Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 23 қазанда болған қайғылы оқиғаның себебін анықтаумен айналысып жатыр, деп хабарлайды «Тілші».
Жиын барысында өңірдің қазіргі жағдайы туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев және Көлік вице-министрі Жанібек Тайжанов баяндама жасады.
Оқиға салдарынан 12 адам қаза тапты, олардың арасында екі бала бар. Екі көлік жүргізушісі мен 10 жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Барлығы Ақтөбе облысының тұрғындары.
Тағы алты адам жарақат алып, Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың екеуінің жағдайы ауыр, төртеуі орташа ауыр жағдайда.
Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне жарақат алғандарды санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізуді және толық медициналық көмек көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және Ақтөбе облысының әкімдігіне қаза тапқандардың отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетуді міндеттеді.
Жол апатының себебін анықтау үшін ІІМ арнайы тергеу комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі, Өзбекстан азаматы, рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, «Газель» маркалы жолаушылар көлігімен соқтығысқан.
Қайғылы оқиға 23 қазанда таңғы сағат 08:40-та, республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» автожолының 927-шақырымында болған.
Қазір барлық мән-жайлар анықталып жатыр, ал комиссия жұмысы Үкімет бақылауында.

