Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде алаяқтық жолмен ақша иеленген жас жігіттер ұсталды

Фото: Freepik.com

Қазан айында Алға ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын телефон арқылы алаяқтардың құрбаны болғаны туралы арызданды, деп хабарлайды «Тілші».

Жедел-тергеу шаралары барысында белгісіз тұлғалардың жәбірленушіні «iPhone-17 ұялы телефонын ұтып алдыңыз» деп сендіріп, алаяқтық жолмен оның ақшасын иемденгені анықталды.

Ұтысқа сеніп қалған 49 жастағы ер адам бейтаныс жігіттердің нұсқауымен өз атына екі рет онлайн несие рәсімдеп, алынған ақшаны оларға аударған. Күдіктілер бұл соманы «ұтыстың комиссиясы», «қатысушы жарнасы» және «қайтарылатын төлем» деп түсіндірген.

Жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгеге жуық.

Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ақтөбе қаласының 18 жастағы екі тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жас жігіттер өз кінәсін толық мойындады.

Тергеп-тексеру барысында күдіктілер әлеуметтік желі арқылы бейтаныс ер адамның танымал блогердің парақшасында жарияланған ұтыс ойынына қатысып жатқанын көріп, оған «ұйымдастырушы» ретінде хабарласқаны анықталды.

Ер адам ұтысты ақшалай алғысы келетінін айтқан соң, олар «ұтысты алу үшін» деген сылтаумен онлайн шот нөмірлерін жіберіп, 1,5 миллион теңгеге жуық қаражатын заңсыз иеленген. Алаяқтық жолмен алынған ақшаны күдіктілер өзара бөлісіп, жеке қажеттеріне жұмсаған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Ақтөбе облысының полиция департаменті ескертеді:

  • бейтаныс адамдардың ұтыс немесе сыйлық туралы хабарламаларына сенбеңіз;
  • жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз және күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
  • белгісіз адамдардың айтуымен оларға ақша аудармаңыз және өз атыңызға несие рәсімдемеңіз!

Күмән туған жағдайда дереу полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз!

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  ЦДИАӨМ қазақстандықтардың жеке деректерінің таралып кетуі туралы ақпаратты тексеріп жатыр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *