Бүгін Ақтөбе қаласында For Champions спорт киімдері дүкені ашылды. Бұл — белгілі кәсіпкерлер, ағайынды Еламан мен Мамырбек Мұханбетқазиндердің қаладағы спорт мәдениетін дамытуға бағытталған кезекті бастамасы, деп хабарлайды Isker Tilshi.
For Champions бренді қазірдің өзінде Қазақстанның бірнеше қаласында табысты жұмыс істеп келеді. Ақтөбедегі дүкен сол желінің өңірдегі алғашқы ресми франшизасы ретінде ашылып отыр.

Жаңа дүкеннің басты ерекшелігі — мұнда отандық өнімдер де ұсынылады. Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті өнімдерді қолдау — олардың стратегиялық ұстанымы.
Ашылу салтанатына Алматы қаласынан дүкеннің ресми серіктесі Әлібек Әбдіқасымов келіп қатысты. Ол For Champions желісінің даму стратегиясымен бөлісіп, Ақтөбеде брендтің жаңа деңгейде өсе алатынын атап өтті.
Салтанатты шараны кәсіпкер, өңірде жастар спортын қолдап жүрген Ерлан Отарбай жүргізді. Ол спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне тоқталып, дүкеннің ашылуы Ақтөбедегі спорт қауымдастығы үшін маңызды кезең екенін айтты.
Ашылуға еркін күрес, джиу-джитсу, бокс және фитнес бағыттарында танымал спортшылар қатысты. Шара барысында қонақтар мен алғашқы сатып алушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылды. Бас жүлде — қасиетті Умра сапарына жолдама табысталды.
For Champions дүкені алдағы уақытта жергілікті спорт клубтарымен, федерациялармен және балалар спорт мектептерімен бірлескен жобалар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама өңірде салауатты өмір салтын насихаттауға серпін бермек.