Ақтөбе облысының прокуратурасы үлескерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қадағалау органы жалпы сомасы 6,1 млрд теңге болатын 12 проблемалық тұрғын үй нысаны бойынша 797 үлескердің құқығын қорғауға кіріскен, деп хабарлайды «Тілші».
Мысалы, «Алаш Орда-1» тұрғын үй кооперативі мен «AviatorPremium» тұрғын үй кешенінің құрылыс компаниялары 200-ден астам үлескердің қаржысын заңсыз иеленіп, 1,8 млрд теңгеден астам залал келтірген.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 7 құрылыс компаниясының басшыларына қатысты 11 нысан бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот шешімдері шыққан.
«Safina.kz» және «СтройСервисРегион» тұрғын үй кешендерінің құрылыс салушылары үлескерлерден 3,2 млрд теңге жинап, алаяқтық әрекет жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды», — деп хабарлады облыстық прокуратура.
Сонымен қатар, прокуратура азаматтық тәртіпте 413 үлескердің мүддесін қорғап, сотқа 8 талап-арыз жолдаған.
Оның ішінде 285 үлескердің құқығы қорғалып, 6 талап-арыз қанағаттандырылған, ал 3 нысан бойынша 128 үлескердің ісі сот қарауында.
«Прокуратура тұрғын үй құрылысы кезінде халықтан заңсыз ақша жинау деректерін тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Барлық проблемалық нысандар ерекше назарда», — делінген ресми хабарламада.
