Aqtobe Day Әлеумет

Ерте жүктілік: Биыл Ақтөбеде 76 жасөспірім жүкті болған

Фото: freepik.com

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, жыл басталғалы 76 жасөспірім жүктілікке тіркелген. Олардың басым бөлігі 17-18 жастағы қыздар. Ерте жүктіліктің негізгі себептері қандай? Жастайынан жүкті болған қыздар білімін жалғастыра ала ма?

Ерте жастан жүкті болғандардың арасында 15-16 жастағы қыздар да бар. Статистикаға сүйенсек, биыл жалпы қала бойынша 58, аудан бойынша 18 жағдай тіркелген. Ал облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, көбіне ерте жүктілік 9-11 сыныптың 14-16 жастағы оқушыларының арасында байқалады.

Дәрігерлердің айтуынша, әдетте жасөспірімдердің жүктілігі күрделі өтеді. Босанғаннан кейін де денсаулығында проблемалар байқалып, психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға тап болады. Тіпті жас аналар депрессияға ұшырап, аналық рөлді қабылдай алмай қиналады. Қоғамнан оқшауланып, баладан бас тартуы мүмкін. Ал ерте жүктілікке — контрацепция туралы білімнің болмауы, отбасындағы психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық, өзін-өзі төмен бағалау, қоршаған ортаның әсері себеп.

— Ерте жүктіліктің алдын алу үшін тек қыздармен ғана емес, ата-аналармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Бұл бағытта дәрістер, әңгімелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Меніңше, жастарға арналған денсаулық сақтау орталықтарын ашу керек. Ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу жөніндегі фильмдер түсіріп, оларды кинотеатрлар мен қоғамдық көліктерде көрсеткен жөн, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар гинекологы Салтанат Тубулбаева.

Ерте жүктілік жағдайында жасөспірімнің өмірі тек медициналық емес, әлеуметтік және білім алу мәселелеріне де әсер етеді. Ерте жүктіліктің салдарына тап болған оқушының оқуын жалғастыруы мен қоғамға бейімделуі — маңызды мәселе.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің орта білім алуға толық құқығы бар. Сол себепті білімін жалғастырады. Мектеп психологы мен әлеуметтік педагог тарапынан оқушыға психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Оқушы оқуын қашықтан, үйден немесе кешкі оқу түрінде жалғастыра алады, жеке оқу жоспары жасалады. Мұндай қолдау жасөспірімге білімін үзбеуге, қоғамнан шет қалмауға мүмкіндік береді. Алайда ең бастысы — ерте жүктіліктің алдын алу. Сол себепті білім саласында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына баса назар аударылады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Метапневмовирус. ДСМ аурудың таралуына байланысты үндеу жолдады

Оқушылар, студенттер арасында жыныстық сауаттылық, дұрыс тамақтану және репродуктивті денсаулық жайлы ақпарат беретін жобалар аса маңызды. Осы тұрғыдан білім басқармасы рухани-адамгершілік тәрбие, құқықтық сауаттылық, психологиялық және әлеуметтік қолдау бағыттары бойынша жұмыстар атқарады. Мәселен, ерте жүктіліктің алдын алу бойынша «Дені сау ұрпақ» жобасы қолға алынған. Жоба аясында дәрістер, медицина мамандарымен кездесулер, гинеколог пен психолог кеңестері ұйымдастырылып жүр. Сондай-ақ, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған арналған «Үйлесімділік», «Эмоцияларды тану және басқару» жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.

Есіңізде болсын! Барлық білім беру ұйымдарында 111 шұғыл қызметінің, білім басқармасының, білім беру ұйымдарының сенім телефондары, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің, учаскелік инспектордың байланыс нөмірлері орналастырылған.

Аружан Смағұлова
арнайы TilshiNews үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *