Полиция капитаны Фариза Бақытжанова – бес жылдан астам уақыт бойы Ақтөбе қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне жауапты маман. Ол бала кезінен-ақ әкесін полиция формасында көріп өскен. Сондықтан да әке жолын қуып, құқық қорғау саласын таңдаған. Әкесі – ішкі істер органдарының ардагері, №1 қалалық полиция бөлімінің бастығының орынбасары қызметін атқарып, зейнетке шыққан Ержан Құбланов. Қыз баласының бұл таңдауы үшін алғашында алаңдағанымен, ол әрдайым қолдау көрсетіп, сенім білдірген.
Фариза Ержанқызы Қостанай академиясында төрт жыл білім алып, еңбек жолын Ақтөбедегі №2 қалалық полиция бөлімінде ювеналдық инспектор ретінде бастаған. Балалық шағынан қамқор, мейірімді болып өскен ол балалармен тез тіл табысып кетеді.
— «2020 жылы мені №1 мектепке инспектор ретінде бекітті. Бұл – менің алғашқы тәжірибем еді. Бір оқушының сабақтан жиі қалатынын байқап, себебін зерттедім. Сөйтсем, анасы қайтыс болып, әкесі де жоқ, әжесінің қолында тұрады екен. Үйіне барып сөйлесіп, балаға көңіл бөлдім. Уақыт өте келе ол сабақтан қалмайтын болды, үлгерімі де жақсарды», — дейді Фариза Бақытжанова.

Инспектордың айтуынша, ювеналдық полицияның басты мақсаты – баланы жазалау емес, оған қолдау көрсету, теріс әрекетке итермелеген себепті анықтап, оны жою.
— «Әрбір шешімнің артында – бала тағдыры тұр. Сондықтан инспектор тек заңның емес, жүректің де өкілі болуы керек», — дейді ол.
Фариза Ержанқызының қызмет жолындағы ең әсерлі кезеңдерінің бірі – есту қабілеті нашар балаларға арналған мектепте жұмыс істеген уақыты. Алғашында полиция формасынан үрейленіп, қашқақтаған балалар кейіннен оны қуана қарсы алатын болған.
— «Әлемде ешбір бала ауырмаса екен деймін. Бейкүнә балалардың ауыр тағдырына куә болу – ең қиын сәт», — дейді инспектор толқып.
Фаризаның тәжірибесінде байқалғандай, жасөспірімдердің теріс жолға түсуіне көбіне отбасындағы жағдай мен жүрген ортасы әсер етеді. Қолайсыз немесе толық емес отбасында өскен балалардың құқық бұзушылыққа бару ықтималдығы жоғары. Кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар – түнде ересектерсіз жүру, ал қылмыс түрлері – ұрып-соғу, қорқытып алу, ұрлық және бұзақылық.
— «Жасөспірім шақ – ең албырт кезең. Балалар өз ісінің салдарын түсінбей, қателікке бой алдырады. Көбісі біреудің затын тартып алса, «ата-анама салмақ салмай, өзім ақша тапқым келді» немесе «дос қызыма сыйлық жасағым келді» деп түсіндіреді. Біз оларға мұндай әрекеттің керісінше, ата-анасына ауыр салмақ түсіретінін айтып түсіндіреміз. Сонда ғана олар шын өкінеді», — дейді Фариза Ержанқызы.
Өтпелі кезеңде ашуға тез берілетін балалар үйден кетіп қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай кезде ата-аналар ең алдымен полицияға хабарласады.
— «Көбінесе үйден кететіндер – қыз балалар. Себебі ата-анасының қыдыруға жібермеуі, телефонды алып қоюы немесе айтқанын орындамауы. Біз оларды міндетті түрде табамыз, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ата-анасына да, өзіне де заң аясында шаралар қолданылады», — дейді полиция капитаны.
Фаризаның тәжірибесінде осындай оқиғалардан кейін түзеліп, анасына алғыс айтқан қыз балалар да аз емес. Бір оқиғаны ол ерекше есіне алады:
— «Бір жалғызбасты ана түн ортасында хабарласып, қызының үйден кеткенін айтты. Тауып берген соң да, қыз біраз уақыт үйден бірнеше рет кетіп жүрді. Сөйлескенімде, «анам уайымдасын дедім» немесе «келесіде достарыммен түнде серуендеуге жібереді» деп жауап берді. Анасы жұмысбасты, ал қызы өз назарын солайша аударғысы келген екен. Біраз уақыт бойы екеуімен жиі сөйлесіп, үйіне, мектебіне барып профилактика жүргіздім. Біртіндеп анасы мен қызының арасындағы түсіністік орнады, қыз үйден қашуды қойды», — дейді инспектор.
Бүгінде полиция капитаны Фариза Бақытжанова Ақтөбедегі бірнеше мектеп пен бір колледждің оқушыларының қауіпсіздігіне жауап береді. Ол үшін әкесінің айтқан бір сөзі өмірлік ұстанымға айналған:
«Қызым, жұмысыңа жауапкершілікпен қара. Өз ісіңді сүйсең ғана нәтижесін көресің.»
Фариза Бақытжанова – заң мен жүректің, қатаңдық пен мейірімнің тепе-теңдігін ұстаған нағыз ювеналдық инспектордың жарқын үлгісі.