Home Aqtobe Day Ақтөбеде жолдарды қысқы күтіп ұстауға 2,7 млрд теңге бөлінді
Aqtobe Day

Ақтөбеде жолдарды қысқы күтіп ұстауға 2,7 млрд теңге бөлінді

Фото: freepik.com

Ақтөбе облысында биылғы қыс мезгілінде жолдардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 2,7 млрд теңге қарастырылды. Оның 1,2 млрд теңгесі облыстық, ал 1,5 млрд теңгесі аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға бағытталады, деп хабарлайды «Тілші».

Аймақ бойынша жол желісі 174 учаскеге бөлінген, оның 13-і – облыстық, қалғаны – аудандық деңгейде. 44 мердігер ұйым жолдарды күтіп ұстаумен айналысады (8-і облыстық, 36-сы аудандық). Барлығы 290 арнайы техника дайындалған, сондай-ақ 3,7 мың тонна инертті материал (құм, тұз қоспасы және т.б.) мен 1,8 мың тонна дизель отыны әзірленген, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, қар мен көктайғақтың алдын алу жұмыстары толық пысықталып жатыр. Қазір жол бойындағы белгілер жаңартылып, су өткізгіш құбырлар мен көпірлер тазартылған. Алдағы он күн ішінде мердігер мекемелердің қысқа дайындығы тексеріледі.

«Облыстық маңызы бар жолдарда қар жиі жиналатын 98 шақырым учаске бар. 1 желтоқсаннан бастап осындай учаскелерге ұзындығы 5 шақырым жасанды қар тоқтатқыш құрылғылар орнатылады. Олар Дөң–Бадамша–Ақтөбе–Орск, Қобда–Мәртөк, Ақтөбе–Родниковка–Мәртөк және Ақтөбе–Болгарка–Шұбарқұдық бағыттарында орналасады», — деді Айбек Қайыр.

Қыста жол қозғалысын жедел реттеу үшін ситуациялық орталыққа 53 арнайы техника GPS жүйесі арқылы қосылады. Бұл олардың нақты орналасқан жері мен қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

1 желтоқсаннан бастап полиция мен төтенше жағдайлар қызметі бірігіп тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бұл жолды уақытша жабу немесе қозғалысты шектеу шараларын жедел қабылдауға жағдай жасайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version