Apple компаниясы Google-мен ірі келісімге келуге жақын. Келісім бойынша Apple жыл сайын шамамен 1 миллиард доллар төлеп, Google-дың Gemini атты жасанды интеллект моделін Siri дауыстық көмекшісіне біріктіреді, деп хабарлайды Isker Tilshi.
Бұл шешім Siri қызметін түбегейлі жаңартуға бағытталған. Gemini моделі Siri-ге мәтіндерді қорытындылау, жоспарлау және күрделі тапсырмаларды орындау қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Bloomberg дерегінше, Apple бұл модельді уақытша пайдаланады — компания өз ішінде шамамен 1 триллион параметрлі өз жүйесін жасап жатыр. Жаңа модельді 2026 жылы тұтынушыларға ұсыну көзделген.
Айта кетерлігі, Apple бұған дейін басқа ЖИ-шешімдерді де қарастырған. 2025 жылдың басында компания Google Gemini, OpenAI ChatGPT және Anthropic Claude модельдерін сынақтан өткізген. Нәтижесінде, Apple ең тұрақты әрі қуатты нұсқа ретінде Google моделін таңдады.
