Америкалық миллиардер, инвестор және филантроп Уоррен Баффетт өзінің соңғы хатында Berkshire Hathaway акционерлерімен қоштасты. 95 жастағы аңыз тұлға енді жыл сайынғы есеп жазбайтынын және дәстүрлі акционерлер жиналысында сөз сөйлемейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Isker Tilshi.
«Мен енді Berkshire-тің жылдық есебін жазбаймын және акционерлер жиналысында тоқтаусыз сөйлей бермеймін… Британдықтар айтқандай — үнім өшеді», — деп жазды ол.
Баффетт компанияның 1800 А класты акциясын В класына айналдырып, оларды төрт отбасы қорына тапсырған — Susan Thompson Buffett Foundation, Sherwood Foundation, Howard G. Buffett Foundation және NoVo Foundation. Жалпы қайырымдылық сомасы 1,3 миллиард доллардан асты.
Миллиардер бұл шешімнің себебін компанияның болашағына сенімсіздікпен емес, жасына және балаларының осы қаражатты өздері басқарып үлгеруін қалағанымен түсіндірді. Berkshire Hathaway басшылығын енді 63 жастағы Грег Абель қабылдайды. Баффетт компания директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қала береді.
«Менің көзқарасым өзгерген жоқ. Berkshire Hathaway — мықты және тұрақты компания. 60 жылда біз шығынға ұшыраған тоқыма фабрикасынан құны шамамен 1 триллион долларлық алпауыт конгломератқа айналдық», — деді ол.
Қазір Berkshire Hathaway-дің қолында 381,6 миллиард доллар көлемінде қолма-қол қаражат бар, ал операциялық пайдасы соңғы тоқсанда 34 пайызға артқан.
Хаттың соңында Уоррен Баффетт денсаулығы туралы да ашық айтты:
«Таңғаларлығы, өзімді әлі жақсы сезінемін. Тек баяу жүретін болдым, көзім де бұрынғыдай тез оқымайды. Бірақ әлі күнге дейін аптасына бес күн кеңседемін. Кеш қартаю — жақсы, бірақ басталса, одан құтыла алмайсың. Кезінде Альфред Нобель өзінің некрологын оқып, аң-таң болыпты. Ағасы қайтыс болғанда тілшілер қателесіп жазып қойыпты. Содан кейін ол өзінің өмірін өзгертуге шешім қабылдапты. Қандай некролог оқығыңыз келеді – соған сай өмір сүріңіз», — деп жазды ол.
