Әлеумет

JastarUrban: Ауылдан басталады – ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндік

«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі Маңғыстау облысында ауыл жастарын қолдауға және урбанистикалық бастамаларды дамытуға бағытталған «JastarUrban: Ауылдан басталады» жобасын сәтті жүзеге асырды. Жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен және Маңғыстау облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша өткізілді.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, олардың өз ауылдарын дамытуға бағытталған шағын, бірақ маңызды урбанистикалық идеяларын қолдау және іске асыруға мүмкіндік беру болды.

Жоба аясында ауыл жастарына арналған шағын гранттар байқауы ұйымдастырылып, жалпы сыйақы қоры 7 000 000 теңгені құрады. Әрбір жеңімпаз өз идеясын жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейінгі грант ұтып алды.

Байқауға барлығы 42 өтінім қабылданып, олар Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандары мен Жаңаөзен қаласына қарасты ауылдардан келіп түсті. Комиссия отырысында барлық өтінімдер сарапталып, 7 үздік жоба жеңімпаз деп танылды.

Грант жеңімпаздары:
1. Балтабай Еркебұлан – «Open Air Jastar» (Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы)
2. Ғаббас Бекарыс – «Демалыс аймағы» (Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы)
3. Дощаев Алмаз – «СкейтПарк» (Қарақия ауданы, Құрық ауылы)
4. Жиенбаев Жандарбек – «Эко-Art демалыс ауласы» (Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы)
5. Қусайнов Қуаныш – «Боранқұл ауылы тұрғындарына арналған аялдама» (Бейнеу ауданы, Бостан ауылы)
6. Барлыбаева Нұргүл – «Далаға арналған шахмат үстелі» (Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылы)
7. Қаржаубайұлы Сәбит – «EcoCorner Tenge» (Теңге ауылы, Жаңаөзен қаласына қарасты)

Жеңімпаздар грант қаражатының көмегімен өз ауылдарында заманауи және әлеуметтік маңызы бар нысандарды іске асырды. «Open Air Jastar» жобасы аясында жастарға арналған ашық аспан астындағы кинотеатр арқылы фильмдер көрсетіліп, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. «Демалыс аймағы» жобасы жергілікті тұрғындар мен жастардың бас қосатын, креативті идеяларын жүзеге асыратын қоғамдық кеңістікке айналды. «СкейтПарк» жобасы жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және экстремалды спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік берді. «Эко-Art демалыс ауласы» жобасы экологиялық мәдениетті насихаттап, ауыл тұрғындары үшін жасыл демалыс аймағын ұсынды. «Боранқұл ауылы тұрғындарына арналған аялдама» жобасы ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне қолайлылық әкеліп, заманауи әрі ыңғайлы аялдама бой көтерді. «Далаға арналған шахмат үстелі» – ауыл тұрғындарының бос уақытын пайдалы өткізуге және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға арналған ерекше қоғамдық нысан болды. Ал «EcoCorner Tenge» жобасы экологиялық білім мен жастардың еріктілік белсенділігін арттыруға бағытталып, эко мәдениетін насихаттайтын экобұрыш ретінде іске қосылды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Маңғыстауда газ тапшылығы: жүргізушілер ұзын кезектерге тұруға мәжбүр

Бұл жобалар ауылдық инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, жастардың өз қауымдастығына пайдалы істер жасауға деген ынтасын арттырды.

Жеңімпаз атанған 7 жоба авторына арналған оқыту тренингтері мен менторлық сүйемелдеу бағдарламасы ұйымдастырылды. Тренинг барысында жастар жобалық менеджмент, қаржылық жоспарлау, командалық жұмыс, қоғамдық коммуникация және жергілікті бастамаларды тұрақты дамыту бағытында тәжірибе жинақтады. Менторлар тарапынан көрсетілген сүйемелдеу мен кәсіби кеңес жобаларды тиімді әрі сапалы жүзеге асыруға ықпал етті.

Әрбір грант иегері туралы бейнероликтер әзірленіп, онда жобаның идеясы, жүзеге асырылу барысы және нәтижелері көрсетілді. Барлығы 7 бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы кеңінен таратылды. Бұл ауыл жастарының еңбегі мен жетістігін көпшілікке таныстырып, өзге жастарға шабыт берді.

Қорытындылай келе, «JastarUrban: Ауылдан басталады» жобасы – ауыл жастарының әлеуетін ашуға, оларды өз ортасының белсенді өзгеріс агенттеріне айналдыруға бағытталған маңызды бастама болды. Жоба нәтижесінде Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінде жастардың қолымен жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болып, ауыл өміріне жаңа серпін берілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *