Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Батпақкөл округіне қарасты Қожасай ауылының тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Асхат Шахаровқа әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады, деп хабарлайды «Тілші». Тұрғындардың видеосы бірнеше жергілікті пабликтерде жарияланды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, 2025 жылдың наурыз айында елді мекенге табиғи газ беріледі деп уәде етілген. Газ құбырлары тартылып, тұрғындар әкімдік сөзіне сеніп, үйлеріне газ кіргізіп, пештерін бұзған.
«Алайда бүгінге дейін газ берілмеді. Қазір ауыл халқы суық үйде отыр. Араларымызда қарттар мен кішкентай балалар бар. Бәріміз де қиын жағдайда қалдық», – дейді үндеу авторлары.
Қожасай тұрғындары биліктен уәденің орындалуын және ауылға жылу беруді сұрайды.
Өз кезегінде Мұғалжар ауданы әкімдігі газ беру жұмыстарының 1 желтоқсанға дейін аяқталатынын хабарлады.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ облыстық филиалының қолданыстағы инвестициялық бағдарламасы аясында Қожасай ауылын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, автоматтандырылған газ тарату станциясында іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл магистральдық және тарату жүйелерін іске қосуға дайындықты көздейді.
Жұмыстарды толық аяқтау және газ беруді бастау 1 желтоқсанға жоспарланған», – деп жазды әкімдік өкілдері.
