Ақтөбе облысының Шалқар қаласында Аслан Лайықов пен Ләззат Жоламанованың отбасында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сәбилерге Әдемі, Сұлу және Әміре есімдері берілді.
Жас жұбайлардың бұған дейін 5 жасар ұлы мен 3 жасар қызы бар.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің дүниеге келген кездегі салмақтары — 1600, 1670 және 1490 грамм, бойлары 35 сантиметр болған. Үшем бірнеше минут айырмашылықпен өмірге келген.
Сәбилер туғаннан кейін 1 айдан астам уақыт бойы облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің жіті бақылауында болып, қажетті ем қабылдаған. Қазіргі таңда ана мен балалардың жағдайы жақсы.
