Ақтөбедегі ата-аналардың мазасы қашты. Әлеуметтік желілерде «оннан астам мектепке бомба қойылды, балаларға қастандық жасалады» деген қорқынышты хабарлама тез тарап кетті. Полиция бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеп, халықты сабырға шақырды, деп хабарлайды «Тілші».
Белгісіз біреулер әлеуметтік желі арқылы «Ақтөбе мектептері жарылады» деп жұртты дүрліктірген. Полиция департаменті бұл хабарламаны «терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату» деп бағалап, ақпаратты таратқан адамдарды анықтау үшін жедел іс-шараны бастап кетті.
Қазір барлық мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Білім ордаларындағы бейнебақылау камераларының жұмысы жіті тексеріліп, оқу орындарының маңында полиция жасақтарының саны көбейтілді.
Полицияның хабарлауынша, күдіктілер жақын арада анықталып, заң бойынша қатаң жауапқа тартылады.
Облыстық полиция департаменті азаматтарды жалған мәліметтерге сенбеуге және дүрбелеңге түспеуге шақырады.
