Ақтөбеде жергілікті өнерпаздардың концерттерін рестобарларда тұақты өткізу дәстүрі енгізіле бастады. Мұндай формат ірі қалаларда бұрыннан бар болғанымен, Ақтөбе үшін тың бағыт саналады. Жобаның бастамашысы — продюсер Қанат Аманов.
Кеше қаладағы рестобарлардың бірінде осы форматтағы алғашқы концерт өтті. Сахнада өнер көрсеткен жергілікті Auen тобы ескі қазақ фильмдерінен ретро әндер, бірнеше буынға таныс классикалық шығармалар және жас орындаушылардың танымал хиттерін орындады.
Шараға музыка жанкүйерлері, кәсіпкерлер, шоу-бизнес өкілдері, журналистер, театр қызметкерлері мен шығармашылық орта өкілдері қатысты. Үстел саны шектеулі болғандықтан, концерт ерекше, жылы атмосферада өтті.
Продюсер Қанат Аманов өзінің бұл жобаға қатысты мақсаттары мен жоспарларын да бөлісті:
«Auen тобы екі-үш ай бұрын құрылды. Олар маған продюсері әрі арт-директоры болу туралы ұсыныспен шықты. Біз жұмысты 2026 жылы бастаймыз деп келістік. Әзірге мен топтың атмосферасын, жұмыс стилін бақылап жүрмін. Ал, кешегі концрке келер болсақ, мен жаңа формат ойлап таппадым, тек ірі қалаларда бар осындай концерттік атмосфераны өз өңірімізге алып келгім келді. Кеше олар Ескендір Хасанғалиев, Шәмші Қалдаяқов репертуарынан әндер орындады. Менің мақсатым — сапалы музыканы таныту. A’Studio да бір кездері осылай бастаған. Мүмкін, менің қыз-жігіттерім де ертең Алматыда, Астанада, үлкен қалаларда ән айтатын деңгейге жетеді. Ондай арманым барын жасырмаймын», — деді Қанат «Тілшіге» берген сұхбатында.
Амановтың айтуынша, алғашқы концертті өткізуге Pantone мейрамханасы орын ұсынған. Жақын уақытта мұндай музыкалық кештер айына екі-үш рет ұйымдастырылмақ. Продюсер шараға драма театрының актерлерін шақырғанын да айтты:
«Театрға халық көп бара бермейді деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті актерлерді сахнаға шығарып, өлең оқыттық. Бұл да концерт мазмұнын әрлеу үшін жасалған эксперимент. Ақтөбеде осындай форматты сынап көру — басты мақсатым», — дейді ол.
Сонымен қатар, ол шығармашылық топтың құрамын кеңейтудің маңызын атап өтті:
«Кеше концертке солистерден өзге саксофонист пен клавишшіні қостық. Солистерге корпоративке тапсырыс табуға болады, ал саксофонист, клавишшіні кім шақырады? Сондықтан оларды да топқа қостық. Ондағы мақсатым — талантты музыканттардың да табыс табуына мүмкіндік беру. Жоба тек солистер ғана емес, бүкіл шығармашылық ұжым үшін табыс көзіне айналуы керек», — деді Қанат Аманов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа формат Ақтөбенің музыкалық ортасына жаңа дем беріп, жас таланттардың танылуына жол ашпақ.
