National Business Kazakhstan басылымының хабарлауынша, Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы әрі инвестор Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубын өз қарамағына алған. Клубқа қатысты ұйымдастырушылық мәселелер мен команданы дамыту стратегиясы 2026 жылдың қаңтарында талқыланбақ.
Қазір «Ақтөбе» жанкүйерлері трансфер (ойыншыларды сату және алу) арқылы команда құрамы өзгере ме, футбол интернаты салына ма деген сауалдарды қызу талқылап жатыр.
Ұйымдастыру мәселелері мен клубты дамытуға қажетті инвестиция көлемі қаңтар айында талқыланбақ.
«Ақтөбе» – Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Өткен маусымда команда ҚР Премьер-лигасында 5-орын алған.
Нұрлан Артықбаев – Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін салумен айналысатын Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы әрі негізгі иесі.
Ол 2025 жылдың мамырында алғаш рет Forbes Kazakhstan тізіміне енді: еліміздің ең дәулетті 75 кәсіпкерінің арасында 44-орынға жайғасты. Басылым оның дәулетін 228 млн долларға бағалаған. Qazaq Stroy компаниясы да рейтингке тыңнан қосылып, Қазақстанның ең ірі 75 компаниясының ішінде 14-орынға тұрақтады. Компанияның түсімі – 313,9 млрд теңге, ал таза пайдасы 45,7 млрд теңге болды.
