Спорт

Алматы облысында бокстан Амангелді Бектасовты еске алуға арналған тұңғыш турнир басталды

Алматы облысы Қарасай ауданында бокстан еңбек ардагері Амангелді Бектасовты еске алуға арналған бірінші республикалық ашық турнир басталды. Додаға Қазақстанның барлық өңірлері мен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан боксшылары қатысып жатыр, деп жазады Sportbugin.kz.

Тұңғыш рет өткізіліп жатқан бокс бәсекесі 2010-2011 жылы туған жасөспірім боксшылардың басын қосты. Турнирде жалпы есебі 300-ге жуық спортшы бақ сынауда. Жарыстың ұйымдастырушысы Жеңіс Бектасовтың айтуынша, бұл доданы өткізудегі басты мақсат – жас боксшыларға жігер беріп, болашақ әлем және Олимпиада чемпиондарына жол ашу.

«Әкеміз Амангелді Бектасов бокспен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанды. Ол Қарасай ауданында бокстан спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін орындаған тұңғыш адам. Өмірін еңбекке, бала тәрбиесіне арнаған әкеміз қазақ боксының қара нарларымен бірге жүрді. Серік Әбденәлиев, Валерий Рачков сынды әйгілі спортшылар біздің үйімізде жиі қонақ болатын. Әкеміз алты баласын да спортқа баулыды. Бәріміз әлі күнге дейін дене жаттығуын ұмытқан емеспіз. Өмірден қайтар шағында ол кісі қазақ боксының дамуына үлес қосуды аманат етті. Міне, соның сәті енді түсіп жатыр. Жас боксшыларға қолдау көрсетіп, үлкен жарыстарға жол ашу мақсатында осы турнирді ұйымдастырдық. Кім біледі, болашақ Олимпиада чемпиондары осы спортшылардың арасында жүрген шығар?!», — дейді Жеңіс Амангелдіұлы.

Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ММА шебері Арман Оспанов, кәсіби боксшы Садриддин Ахметовтер бар.

«Бокс қазақ халқы үшін әрдайым нөмірі бірінші спорт түрі болып қала бермек. Осы орайда, жас боксшыларды ынталандыратын кереметтей турнирдің куәсі болып отырғанымызға қуаныштымын. Мұндай бәсекелер жастарға жол ашып қана қоймай, шеберлігін шыңдап, техникасын жетілдіруге көмектеседі. Біз әлемдегі мықты бокс державаларының біріміз. Сондықтан, біздегі резерв азаймау керек, қазақ жұдырығының құдыреті асқақтай беруі тиіс», — дейді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов.

Турнирді ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік мүсіншелер, чемпиондық белбеулер мен ақшалай жүлделер тағайындаған.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтауда түркітілдес мемлекеттер инклюзивті спортты дамыту мәселесін талқылады

Жарыс жексенбі күні мәресіне жетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *