Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) миссиясы Қазақстандағы жұмысын аяқтады. Сарапшылардың қорытындысы екіұдай: бір жағынан экономикамыз күткендегіден әлдеқайда жылдам өсіп жатыр, екінші жағынан – қымбатшылық (инфляция) әлі де басты мәселе болып тұр, деп хабарлайды «Тілші».
ХВҚ миссиясының басшысы Али Аль-Идтің (Ali Al-Eyd) жетекшілігімен өткен консультациялардың қорытындысы бойынша мынадай негізгі деректер айтылды:
Жақсы жаңалық: Экономика дүркіреп өсіп жатыр
2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімі 6%-дан асады деп болжануда. Бұл – өте жоғары көрсеткіш (бұған дейін 5% деп болжанған еді). Себебі не?
- Мұнай өндіру көлемі артты;
- Халық көп ақша жұмсап жатыр (сауда қызып тұр);
- Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялар көбейді.
2026 жылға қарай өсім сәл бәсеңдеп, шамамен 4,5% болады деп күтілуде.
Қауіпті жаңалық: Баға неге өсіп жатыр?
Экономиканың тым жылдам өсуінің кері әсері де бар – бұл «қызып кету» әсері. ХВҚ болжамы бойынша, 2025 жылдың соңына қарай инфляция 13%-ға жуықтауы мүмкін. Бұған негізінен мемлекеттік бюджеттің шығындарының көптігі және Ұлттық қордан алынған қомақты трансферттер әсер етіп отыр.
Несие және банктер
ХВҚ сарапшылары Қазақстанның банк жүйесін тұрақты әрі сенімді деп бағалады. Банктерде ақша жеткілікті, пайдасы жоғары. Алайда, бір ескерту бар: тұтынушылық несиелер тым тез өсіп жатыр. Халықтың қарызға батуы қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін, сондықтан ХВҚ бұл саланы қатаң бақылауды ұсынады.
ХВҚ Үкіметке қандай кеңес берды?
- Ақшаны үнемдеу: Бюджет тапшылығын азайту керек (қазір мұнайсыз тапшылық ЖІӨ-нің 8%-ынан асады).
- Салық жеңілдіктерін қысқарту: Жаңа Салық кодексі арқылы бюджетке түсетін кірісті арттыру қажет.
- Базалық мөлшерлемені төмендетпеу: Инфляцияны ауыздықтау үшін ақша-несие саясаты қатаң күйінде қалуы тиіс.
Қысқаша айтқанда: Ақша бар, жұмыс жүріп жатыр, бірақ қымбатшылықты тоқтату үшін «белді қаттырақ буу» керек.
