Aqtobe Day

«Диплом – жай қағаз емес»: Лаура Қарабасова Жұбанов университетіндегі түбегейлі өзгерістер мен 350 млн теңгелік ғылыми жобалар жайлы

Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова соңғы уақытта Еуропа немесе АҚШ емес, Ақтөбе облысының шалғай аудандарын жиі аралап жүр. Бұл сапарлардың астарында не жатыр? Университет қалайша аймаққа миллиондаған инвестиция тартып, өндіріс пен ғылымды табыстырып отыр? Қазақстандағы ең жас ректордың Tilshi Podcast алаңында берген ауқымды сұхбатынан ең маңызды тұстарын ұсынамыз.

Ауданға сапар: Кабинеттен далаға

Лаура Қарабасованың айтуынша, университеттің тамыры – өңірде. Сондықтан қазіргі басты мақсат – ауыл-аймақпен тікелей байланыс орнату.

«Біз «Өңірге қандай кадр қажет? Ауданнан шыққан жастарды қайтару үшін сіздер не ұсына аласыздар?» деген сұрақтарға жауап іздеп жүрміз. Бұл – жай ғана сапар емес, академиялық трансформацияны нақты іспен дәлелдеу,» – дейді ректор.

Ғылым – табыс көзі: 350 миллион теңгелік инвестиция

Көпшілік университетті тек «диплом беретін мекеме» деп қабылдайды. Алайда, Лаура Қарабасова бұл стереотипті жоққа шығарды. Қазір Жұбанов университеті – өндіріске нақты пайда әкелетін ғылыми орталық.

Өткен жылы университет ғалымдары Ғылым қоры арқылы екі ірі кәсіпорынға жалпы сомасы 350 миллион теңге инвестиция тартуға көмектескен:

  • Ақтөбе ферроқорытпа зауыты: Газды тазартатын арнайы фильтр қондырғыларын орнату жобасы.
  • «Paker KZ»: Ферроникель өндірісін іске қосу.

«Компаниялар мұны өз күшімен жасай алмас еді. Бұл – университет ғалымдарының тікелей қатысуымен жүзеге асқан жобалар,» – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, облыстық әкімдік соңғы екі жылда әлеуметтік және этносаралық зерттеулерді сырттан емес, дәл осы жергілікті ғалымдарға сеніп тапсырып отыр.

Куратор емес, Ментор

Университет ішіндегі өзгерістер студенттермен жұмыс істеу жүйесін де қамтыды. Енді Жұбановта ескірген «кураторлық» жүйенің орнына «Менторлық институт» енгізілді.

«Ментор психологиялық іріктеуден өтеді. Оның міндеті – журнал толтыру емес, студентке өмірлік бағдар беру, оны ешқашан жалғыз қалдырмау,» – дейді Лаура Чапайқызы.

Сондай-ақ оқытушылардың біліктілігін арттыруға баса назар аударылған: ағылшын тілін тегін үйретуден бастап, шетелдік ғылыми тағылымдамаларға дейін қарастырылған.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Тимур Нақыпбеков ҚР ҰЭМ өкілдерімен бірге Ақтөбедегі су тасқыны салдарынан бүлінген бизнес объектілерді аралады

Ғимарат емес, сапа маңызды

Жаңа оқу жылында кітапханалар, Студенттер сарайы жаңартылып, металлургтер оқитын техникалық факультет толық реновациядан өткен. Жаңа зертханалық кешен салынып жатыр. Бірақ ректор үшін басты құндылық – қабырға емес, білім сапасы.

Университет басшылығы сапаны арттыру үшін қатаң қадамдарға да барған:

«Биыл біз кейбір мамандықтарға студент қабылдауды мүлдем тоқтаттық. Себебі ол бағыттағы оқытушылардың әлеуеті жеткіліксіз деп есептедік. Бұл – жауапкершілік. Жұбанов университетінің дипломы – жай қағаз емес, сапа кепілі болуы тиіс. Университет – әлеуметтік лифт, егер ол түлектің өмір сапасын жақсартпаса, онда ол білімнің құны жоқ,» – деп түйіндеді Лаура Қарабасова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *