Ақтөбе облысының Темір аудандық сотында алимент төлеуден жалтарған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушы жасырын жұмыс істеп, баласына ақша аударудан бас тартып келген, деп хабарлайды «Тілші» аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеп.
Сотта анықталғандай, сотталушы 2022 жылдан бастап 2021 жылы туған кәмелетке толмаған баласын асырап-бағу міндетінен қасақана жалтарған. Ол ресми кірісін көрсетпей, қосымша жасырын жұмыс істеп, табысын қолма-қол алып отырған.
Борышкер сот орындаушысынан нақты табыс көзі мен жұмыс орнын жасырып келген. Осының салдарынан оның алимент бойынша жинақталған қарызы 3,5 миллион теңгеге жеткен.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған іс-әрекетіне шын ниетпен өкінетінін білдірді. Бұл жайт жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.
Темір аудандық сотының үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
