Өндірістегі ауыр техника жүргізушілерінің қауіпсіздігі енді жасанды интеллектінің бақылауында болады. ERG компаниясына кіретін кәсіпорындарда, оның ішінде Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатында «Көлік операторларының қауіпсіздігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс тілінде оны қысқаша «Антисон» деп атайды.
Бұл – компьютерлік көру технологиясына негізделген бірегей жүйе. Ол қазірдің өзінде комбинаттың ауыр жүк көліктеріне орнатылып үлгерді, алдағы уақытта басқа да техника түрлерін қамтитын болады.
Жүйе қалай жұмыс істейді? Интеллектуалды жүйе арнайы камералар мен датчиктер арқылы жүргізушінің жай-күйін жіті бақылайды. Егер қызметкердің көзі жұмылып, назары тайса, басы тым төмен салбыраса немесе рөлде темекі шексе – құрылғы бірден іске қосылады. Ең бастысы – бұл жүйе техниканың «соқыр аймақтарын» ашып, соған байланысты қауіптердің алдын алады.
Егер жүргізуші рөлде қалғып кетсе немесе жолдан алаңдаса:
- Дауыстық ескерту беріледі;
- Орындыққа орнатылған діріл модулі (вибрация) іске қосылып, жүргізушіні сергітеді.
«Жүйе жүргізушіге «Жолға қараңыз», «Басыңызды бұрыңыз» деп ескертеді. Егер темекі тұтатса, рөлде шегуге болмайтынын айтады. Қауіпсіздік белдігін тақпаған жағдайда да, ол тағылғанша дыбыстық хабарлама тоқтамайды», — деп түсіндірді тау-кен көлік цехы бастығының орынбасары Сергей Терехов.
Дөң комбинатындағы тау-кен көлік цехында барлығы 45 техника жабдықталады. Оның ішінде ауыр самосвалдар, су тасушы көліктер және теміржол локомотивтері бар.
Жобаны жүзеге асырумен ERG-дің IT-бөлімшесі – Business & Technology Services (BTS) айналысып келеді.
«Антисон» – бұл ERG Vision өндірістік бейнебақылау платформасының бір бөлігі. Жоба «ақылды қала» қағидаты бойынша енгізіліп жатыр. Біз 30 000 камераны бірыңғай ситуацилық орталыққа біріктіреміз. Бұл қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір Дөң комбинатында техникамен үздіксіз байланысты орнату үшін 4G және 5G технологиясына негізделген жеке мобильді желі салынуда», — дейді BTS қауіпсіздік жүйелерін дамыту жөніндегі менеджері Қанат Есетов.
«Антисон» жүйесі бұған дейін «Восточный» кенішінде, Краснооктябрь боксит кеніші басқармасы және Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістігі бірлестігінде сәтті сыналған. Жыл соңына дейін ERG 400-ге жуық техниканы 3 300 «ақылды» камерамен жабдықтамақ.
Дөң комбинаты еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі басшысы Тимур Қазмұхаметовтің айтуынша, бұл жүйе адами факторға байланысты тәуекелдерді азайтып, ұзақ ауысымда жұмыс істейтін қызметкерлердің реакциясын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
