Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Ақтөбе облысының екі ауданында ұйымдастырушылардың тапсырмасы бойынша шамамен 60 тонна мұнай өнімін заңсыз тасымалдаған жүк көліктерінің жүргізушілері ұсталды.
«Атамекен» арнасының мәліметінше, тінту барысында шамамен 400 тонна мұнай өнімі, сондай-ақ атыс және газ қарулары, заңға қайшы операцияларды дәлелдейтін құжаттар тәркіленген.
«Басқа қылмыстық іс аясында шетелге мұнай өнімдерін контрабандалық жолмен шығару арнасына тартылған компанияның қызметі тексерілуде. Алдын ала деректер бойынша, кәсіпорын шамамен 8 млрд теңге болатын 30 мың тоннадан астам жанармайды экспорттаған», – делінген хабарламада.
Қазан айында шекарадағы теміржол өткізу пункттерінің бірінде осы компанияға тиесілі 300 тонна жанармай тиелген төрт вагон анықталды. Барлық деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
