Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент Гонконг қаласындағы ірі өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдады, деп хабарлайды «Тілші».
Жеделхатта Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинге және барша Қытай халқына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 26 қарашада Гонконгтың Тай По ауданындағы Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде болған. Өрт ғимарат қасбетіндегі құрылыс ормандары мен қорғаныс торлары арқылы лезде тарап кеткен. Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан көпқабатты үйлердің терезелерінен жалын бүркіп, қою түтін басқанын көруге болады.
Жағдайдың күрделілігіне байланысты билік қауіптіліктің ең жоғарғы — 5-ші деңгейін жариялады. Тілсіз жауды ауыздықтауға рекордтық күш жұмылдырылды:
- 767 өрт сөндіруші;
- 400 полиция қызметкері;
- 128 өрт сөндіру техникасы;
- 57 жедел жәрдем бригадасы.
Соңғы мәліметтер бойынша, жойқын өрттің салдарынан кем дегенде 44 адам қаза тапты.
