Home Aqtobe Day Төрт ай жалақысыз: Ақтөбеде мұғалімдер «қара тізімге» еніп, мектепке айыппұл салынды
Aqtobe Day Әлеумет

Төрт ай жалақысыз: Ақтөбеде мұғалімдер «қара тізімге» еніп, мектепке айыппұл салынды

Фото: khabar.kz. 2023 жыл, желтоқсан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Смарт білім" мектебіне барған сәті

Ақтөбедегі «Білім» және «Смарт білім» жеке мектептерінің жүздеген мұғалімі төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр. Ұстаздардың дені банк алдындағы берешегін өтей алмай, «қара тізімге» іліккен. Ал мектеп әкімшілігіне заң бұзғаны үшін айыппұл салынғанымен, мәселе әлі шешімін таппай отыр, деп хабарлайды «Тілші».

Осыған дейін бірнеше рет көтерілген мәселе бойынша мұғалімдер бүгін тағы да журналистерге шағымданды. Олардың айтуынша, тамыз айынан бері есепшоттарына көк тиын түспеген.

«Не киіп, не ішіп жүрміз?»

Мұғалімдер сабақ үзілмегенін, барлығы кесте бойынша өтіп жатқанын айтады. Алайда күн көру қиындап кеткен, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әкімнен де, оқу бөлімінен де көмек сұрадық. Мұғалімдердің бәрінде несие, ипотека бар. Көбі қазір «қара тізімге» кіріп кетті. Бізге «10 күнде төленеді» деп уәде бергеніне бірнеше ай болды. Осы уақыт ішінде 100-150 мұғалім жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Төрт ай бойы ұстаздардың не киіп, не ішіп жүргені ешкімді алаңдатпайды», — деп ашынды мектеп мұғалімі Гүлмира Жүсіпова.

Мектепке айыппұл салынды Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы бұл жағдайдан хабардар, бірақ мұғалімдер тарапынан ресми арыз түспеген. Дегенмен, прокуратураның ұсынысымен мектеп әкімшілігі жауапқа тартылды.

«Заңды тұлғаға еңбекақыны уақытылы төлемегені үшін шамамен 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Егер қызметкерлер «еңбек заңнамасы бұзылды» деп шағымданса, арнайы тексеру жүргізіліп, кешіктірілген әр күн үшін өсімақы төлетуге болады», — деді облыстық еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Ақылбек Зейноллаұлы.

Кідіріс неден болды?

Мектеп директоры Айгүл Арызғазиеваның сөзінше, қаржыландыру жүйесінің өзгеруі қолбайлау болып отыр.

«Қаржыландыру Қаржы министрлігіне ауысып, жаңа платформа енгізілді. Біз балаларға тегін білім беретіндіктен, есепшотымызда қосымша қаражат жоқ. Ұстаздарға өтемақы төлеу жағы қарастырылмаған», — деді директор.

Мәселе қашан шешіледі?

Облыстық білім басқармасы жалақы мәселесі жақын арада шешілетінін жеткізді. Биыл қаржыландыру жергілікті бюджетке өтіп, деректер «Е-Қазына» платформасына енгізіліп жатыр.

«Оқушылар саны толық енгізіліп бітті. Жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге қарастырылған, оның 1,4 млрд теңгесі осы «Смарт білім» мектебіне тиесілі», — деп сендірді басқарма басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаева.

Айта кетейік, аталған мектептерде 8 мыңнан астам оқушы білім алады және 579 педагог жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша әр балаға жылына 570 мың теңге бөлінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version