Әйел адамға қол көтергені үшін айыпталған Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға қатысты апелляциялық сот отырысы аяқталды. Шенеунік сот залынан шыққан соң қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Тілші».
Ақтөбе облыстық соты бірінші инстанцияның үкімін ішінара өзгертті. Сот алқасы әкімге салынған мемлекеттік айыппұл мөлшерін сәл азайтқанымен, жәбірленушінің қорғаушысына төленетін шығынды едәуір ұлғайтты.
Сот қаулысы қандай?
ҚазАқпарат мәліметінше, судьяның шешімі мынадай:
- Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы (Ұрып-соғу) бойынша айыппұл мөлшері 295 360 теңгеге дейін төмендетілді;
- Жәбірленушілер қорына өндірілетін төлем 18 460 теңгеге азайды;
- Бірақ, жәбірленушінің өкіліне төленетін шығын көлемі 300 000 теңгеге дейін өсті;
- Сондай-ақ, апелляциялық сатыдағы шығын ретінде тағы 50 мың теңге өндірілетін болды.
Үкімнің қалған бөлігі, яғни оны кінәлі деп тану және моральдық шығын өтеу бөлігі өзгеріссіз қалды. Сотталған әкімнің шағымы қанағаттандырылмады.
Әкімнің шешімі
Сот шешімі шыққаннан кейін Қазбек Аққайыр қысқаша мәлімдеме жасады, деп жазады «Время» газеті.
«Енді жұмыстан кетемін», — деді Қандыағаш қаласының әкімі.
Неден басталды?
Еске салсақ, даулы оқиға 2023 жылдың желтоқсан айында болған. Тергеу мәліметінше, әкім жұмыс кабинетінде әйел адамды тамағынан алып, беті мен басынан ұрған. Нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келген. Сот процесі кезінде Қазбек Аққайыр жәбірленушімен қызметтік емес, «қыз бен жігіт сияқты» жақын қарым-қатынаста болғанын мойындаған еді. Оның айтуынша, жанжал қарым-қатынасты үзгісі келген сәтте туындаған.
39 жастағы Қазбек Аққайыр Қандыағаш қаласының әкімі болып 2024 жылдың шілдесінде сайланған болатын. Оған сайлаушылардың басым бөлігі (787 адам) дауыс берген. Айта кетейік, осыдан бес жыл бұрын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің нұсқасы бойынша ол Қазақстандағы «Үздік ауыл әкімі» атанған еді.
