Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде 22 үлескер 5 жылдан бері не пәтерін, не ақшасын ала алмай жүр

Бейнесюжеттен скриншот

Ақтөбеде «Жаңақоныс» тұрғын алабынан пәтер алмақ болған 20-дан астам отбасы далада қалды. 1 желтоқсанда ашынған тұрғындар құрылыс компаниясының үстінен шағымданып, қалалық прокуратура ғимаратының алдына жиналды, деп хабарлайды «Тілші».

Astana TV арнасының мәліметінше, бұл даудың жалғасып келе жатқанына бес жыл болған. Тұрғындар баспананы іргетасы қаланып жатқан кезде сатып алған, алайда құрылыс жұмыстары созылып кеткен. Нәтижесінде 22 үлескер пәтерсіз де, ақшасыз да қалған.

Зардап шеккендердің сөзінше, әрқайсысы пәтер үшін 8 бен 13 миллион теңге аралығында қаржы құйған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 120 миллион теңгені құрайды.

«Құрылыс компаниясына қатысты арыз-шағымдар 2022 жылдан бері түсе бастады. «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, бірақ іс әлі күнге дейін сотқа жеткен жоқ», — дейді наразы топ.

Ал құрылыс салушы компания жағдайды пандемия мен құрылыс материалдарының күрт қымбаттауымен түсіндіреді. Олардың айтуынша, бес қабатты үш үйді уақытында тапсыруға осы жайттар кедергі болған.

«Инвестор іздеуге тағы бір жарым жыл уақыт кетті. 2024 жылы құрылыс жұмыстары қайта жанданды, бірақ құр уәдеден шаршаған үлескерлер енді пәтерді күтпей, ақшаны қайтаруды талап етіп отыр», — делінген хабарламада.

Қалалық прокуратура өкілдері істің бақылауда екенін жеткізді.

«Іс бойынша тергеу амалдары аяқталды. Алайда ол сотқа келесі жылдан ерте жіберілмейді. Мәселе қала прокурорының тікелей бақылауында», — деп жауап берді қадағалаушы орган.

Әзірге алданған үлескерлерге мәселенің сот арқылы шешілуін күтуден басқа амал қалмай тұр.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстанда дәрігерлерге қол көтергендерге жаза күшейтіледі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *