Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге несие алушының төлем қабілетін тексеру кезінде оның медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша қарызының бар-жоғын ескеруді міндеттемек. Бұл туралы «Тілші» хабарлайды Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Агенттіктің жаңа ережелер жобасына сәйкес, енді қаржы институттары клиенттің тәуекел-бейінін жасақтағанда МӘМС, міндетті әлеуметтік сақтандыру және басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегін тексеруге тиіс.
Неге бұлай жасалмақ?
Құжатта МӘМС енгізілгелі бері көпшіліктің қаржылық тәртібі қалыптасқанымен, жарна төлемей жүрген азаматтардың әлі де бар екені айтылған. Агенттік өкілдері мұны екі негізгі қауіппен түсіндіреді:
Қаржылық жауапкершілік: МӘМС бойынша қарыздың болуы клиенттің қаржылық тәртібінің төмендігін көрсетеді. Яғни, міндетті төлемдерді уақытылы төлемеген адам несиесін де кешіктіруі мүмкін.
Денсаулық және төлем қабілеті: Сақтандыру жарнасын төлемейтін азаматтар медициналық көмек ала алмайды. Егер олар ауырып қалса немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылса, тиісті ем-дом ала алмай, қаржылық жағдайы нашарлауы мүмкін. Бұл банктің несиесін қайтара алмау қаупін арттырады.
Бұл кімдерге қатысты?
Жаңа талап барлық несиеге емес, сомасы қомақты қарыздарға қатысты қолданылады. Нақтырақ айтсақ, егер несие сомасы:
Ірі банктер үшін (капиталы 100 млрд теңгеден жоғары) — банк капиталының 0,01%-нан;
Кішігірім банктер үшін — капиталдың 0,02%-нан асса, клиенттің МӘМС тарихы тексеріледі.
Бұл жағдайда банк қарыз алушыға қатысты кеңейтілген талдау жүргізеді және ол жерде медициналық сақтандыру қарызы ресми түрде көрсетіледі.
